Теміртауда зейнеткердің банк картасынан ақша жымқырған үй көмекшісі анықталды
Теміртауда зейнеткердің банк картасынан ақша жымқырған үй көмекшісі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне 75 жастағы зейнеткер арызданды.
Жәбірленуші белгісіз біреулер банк картасын ұрлап, ол жерден 80 мың теңге ақша шешіп алғанын айтты.
Аталған дерек бойынша зерделеу жұмыстары барысында зейнеткердің үйіне бір әйелдің кіре алатыны белгілі болды. Ол зейнеткерге үй жұмыстарына көмектесіп, арасында дүкеннен азық-түлік әкеліп беріп отырған. Ұрлық болған уақытта ол азаматша жоғалып кетіп, қайда екені белгісіз болған.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 47 жастағы азаматша ұсталды. Ол қылмыс жасағаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.