Теміртауда полициядан қашпақ болған жүргізуші 15 тәулікке қамалды
Медициналық тексеруден өтуден бас тартқан ер адам сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Теміртауда Toyota автокөлігін басқарған 40 жастағы жүргізуші түнде полициядан қашуға әрекет жасаған. Ер адам патрульдік полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, медициналық тексеруден өтуден бас тартқан. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оқиға 20 қараша күні сағат 03:30 шамасында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде болған. Патрульдік экипаж жүргізушіден көлікті тоқтатуды талап еткен. Алайда ол полицияның заңды талабын орындамай, тұрғын үй алабында бой тасалауға тырысқан.
Полицейлер көлікті қуып жетіп, көп ұзамай тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушіден масаңдық белгілері байқалған. Оны медициналық куәландыруға жібергенімен, ер адам тексеруден өтуден бас тартқан.
Осыған байланысты оған полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы талабын орындамау және медициналық куәландырудан бас тарту деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, көлікті тоқтату туралы талапты орындамағаны үшін 174 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Теміртау қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Әсет Бұланбаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінен қашуға әрекет жасау жауапкершіліктен босатпайтынын және жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.
Полиция мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері батальон қызметкерлері көлікті алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқарудың 75 дерегін анықтаған. Тағы 19 жағдайда жүргізушілер медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.