Теміртау екі күннен бері жылусыз отыр

Алматы, BAQ.KZ. Қыс басталысымен Теміртау қаласы тағы жылусыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, үйлеріне жылу келмегендеріне үш күндей уақыт болып қалыпты. 

Қала халқы үйлері пана болмай, балаларының суықтан сырқаттанып мазаларының кеткенін айтуда.

Жылу болмайды деп ескертіпті дейді, бірақ одан не пайда? Балалар ауырып жатыр, үй суық үш күн мектепте сабақ болмады, жылдағы жағдай осы. Басқа жаққа безіп кетер едік қыс ішінде қайда барамыз,қиын болды. Бұл жылуды жөндеуге қала әкімі түгілі облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің де шамасы келетін түрі жоқ, - дейді Теміртау қаласының тұрғыны Анар Сайлаубекова.

Теміртауды жылумен қамтамасыз ететін жылу энерго орталығында алғашқы авариялық жағдай 3 желтоқсанда таңға жуық болған. "Оқжетпес-Т" компаниясының авариялық бригадасы ақауланған бөлікті жөндеуге таңғы алтыда кіріскен екен. Осы кезде Горка достық көшесінде және 7, 9 ықшам ауданмен кейбір кварталдарда жылу жүйесі сөндірілген болатын. Қаланың қалған аудандарына жылу беру тоқтатылмаған, бірақ оларға жылу аз мөлшерде жіберілген. Қырықтан астам дәнекерлеуші мамандар 48 метрге созылған ақауланған бөлікті жөндеп жаңа құбырды ауыстыруға кіріскен. Түн ортасында жұмысшылар жөндеу жұмыстарын аяқтап,ыстық суды жіберген де тағы бір тұстан ақауланған бөлік анықталған. Жылумен қамтамасыз ететін "Оқжетпес-Т" компаниясы аварияны қалыпқа келтіру үшін жылуды тағы сөндіргенін мәлімдеп, теміртаулықтарды шыдамды болуға шақырды. Сонымен қатар, компания жылу берілмеген күндер үшін қайта есептеу жұмыстарының қолға алынатынын айтып, жұртты жұбатқандай болды.

Теміртау қаласының тұрғындары жыл сайын Арқаға қыс келісімен пәтерлерінде жаурап отырудың әдетке айналғанын айтып, шағым білдіруде. Қазан айында жылу маусымы енді басталған кезде Теміртаудағы жылу энерго орталығында авария болып, бүкіл қазандықтың жұмысы тоқтап қалған болатын. 2 қазанда жылу энерго орталығының цехындағы ауысым бастығына 10-шы қазандықта технологиялық ақау болғаны жөнінде хабар түскен. Алайда ауысым бастығы 9-шы қазандықта ақау бар деп қате естіп бұл ақпаратты тексерместен тоғызыншы қазандықтың бу қондырғысын жапқызып тастаған. Осының салдарынан бүкіл қазандықтың жұмысы екі күн бойы тоқтап қалған еді. Жылу маусымын дау-дамаймен бастаған жылу орталығы тағы да аварияға тап болып жұртты ұлардай шулатып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы