Теміртас Жүсіпов Елорда кубогының чемпионы атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Елорда турнирінің финалында 46 кг өнер көрсеткен Теміртас Жүсіпов өзбек боксшысын ұтты.
Отандасымыз, Әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов финалда өзбек боксшысы Асылбек Жалиловты 4-1 ұпайымен ұтып, чемпион атанды.
Бүгінгі финалда ерлер арасында 13 чемпион, қыздар арасында 12 чемпион анықталады. Ал турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр.
Ерлер арасында Қазақстанның 54 боксшысы сынға түскен болатын. Соның 16-сы финалға жолдама алды. Тіпті, кейбір салмақ дәрежелерінде Қайрат Сәтжанов шәкірттері финалға берілер жолдамаларды өзара сарапқа салуға мәжбүр болды. Осылайша көшбасшы боксшыларымыздың нағыз бабында екендіктері қуантты. Бұл жерлерде соңғы Әлем чемпионатының финалистері - Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан сынды саңлақтарымызды ерекше атап өткен жөн.
Енді олар «Елорда кубогінің» чемпиондық атақтарын Қытай, Куба, Өзбекстан боксшыларына қарсы айқастарда сарапқа салады. Айта кетейік, жартылай финал күні Қазақстан әуесқой боксының қазіргі таңдағы жарқын жұлдызы Сәкен Бибосынов 25 жасқа толды.