Темірлан Анарбеков Мбаппе мен Ямальдың қатарына қосылды
«Қайрат» соңғы орында қалса да, Анарбеков Чемпиондар лигасының үздігі атанды.
Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков Flashscore статистикалық порталының нұсқасы бойынша УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы символикалық құрамасына енді.
Қазақстандық қақпашы 7,7 балл жинап, орташа рейтинг бойынша турнирдің ең үздік голкипері атанды. Маусымның символикалық құрамасында ол Килиан Мбаппе, Гарри Кейн, Хвича Кварацхелия, Ламин Ямаль және Вирджил ван Дейк сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен бір қатардан көрінді.
«Қайраттың» турнирдің жалпы кезеңінде соңғы орында қалғанын ескерсек, бұл жетістіктің маңызы өте жоғары. Алайда қақпаға түскен үлкен салмақ оған өзінің ең үздік қасиеттерін көрсетуге және футбол Еуропасының назарын аударуға мүмкіндік берді.
Flashscore мәліметтері бойынша, Чемпиондар лигасының осы маусымында Анарбеков 34 сейв жасаған. Сейвтер саны бойынша одан тек сегіз қақпашы ғана алда тұр. Бұл ретте қазақстандық футболшы 4,39 күтілетін голдың (expected goals) алдын алып, соққыларды қайтару көрсеткішін 72,3%-ға жеткізген.
Рейтинг авторлары қақпашының сенімді ойыны «Қайратты» атақты қарсыластарға қарсы матчтарда бірнеше рет голдан құтқарып қалғанын атап өтті.
Анарбеков турнирдің ең жоғары бағаланған қақпашысы болады деп кім ойлаған? «Қайраттың» соңғы орын алғанына қарамастан, ол ерекше маусым өткізіп, өз командасы үшін қаншалықты маңызды болғанын дәлелдеді, - делінген Flashscore комментарийінде.
Чемпиондар лигасының маусымы француздық «ПСЖ» клубының жеңісімен аяқталды. Олар финалда лондондық «Арсеналдан» пенальти сериясында басым түсіп, чемпиондық атағын қорғап қалды. Париждктер мадридтік «Реалдан» кейін Чемпиондар лигасын қатарынан екі маусым бойы жеңіп алған тарихтағы екінші команда атанды.
Темірлан Анарбековтің символикалық құрамаға енуі - соңғы жылдардағы қазақстандық футболдың еуропалық аренадағы ең елеулі жетістіктерінің бірі.
Еске салайық, бұған дейін футболдан Әлем чемпионатын тамашалауға қанша қазақстандық баратыны туралы ақпарат жарияланды.