Темірдің тілін тапқан Біржан

Біржан Сахи – темірдің тілін тапқан, табанды еңбегімен биіктеген, өз ісіне адал нағыз еңбек адамы. Ол үшін еңбек – өмірдің мәні, ал темір – өзімен тілдескен серігі іспетті. Қарапайым гараждан басталған бұл жол бүгінде тұтас бір орталықтың, өз кәсібін сүйетін жандар ұжымының тарихына айналды. Біржанның әрбір ісінен төзім мен ұқыптылық, табандылық пен жауапкершілік байқалады. Ол ешкімге ұқсамайтын өмір жолын өз маңдай терімен салған – ешкімнің көмегін күтпей, өз күшіне сеніп, еңбегімен биікке көтерілген жан. BAQ.KZ тілшісі еңбек адамының жұмысымен танысып қайтқан еді.

Гараждан басталған үлкен іс

Кәсіптің бастауы қиын, бірақ соңы берекелі, – дейді Біржан.

Ол алғаш рет көлік жөндеумен 2015 жылы айналыса бастаған. Шағын гараж, ескі құрал, жалғыз өзі. Кейде жарық өшеді, кейде тапсырыс азаяды. Бірақ ол мойыған жоқ.

Біржанның сол жылдардағы төзімі мен еңбегі зая кеткен жоқ.

Кейінірек ол өз шеберханасын ашты, қазір мұнда 6-7 адам еңбек етеді: бірі моторды жөндейді, бірі сырлайды, бірі жаңа технологияны меңгеріп жүр.

Менің шеберханам – жай ғана жұмыс орны емес, үйрену мектебі, – дейді ол мақтанышпен.

Қызылорда – еңбекке адал жандардың қаласы. Мұнда әр адамның маңдай терімен келген жетістігі бар. Біржан да солардың қатарында. Оның шеберханасына күн сайын ондаған көлік келеді. Бірі такси жүргізушісінікі, бірі кәсіпкердікі, енді бірі ауылдан келген ағайындыкі. Бірақ барлығының сенімі ортақ – сапа мен әділдік.

Кейде клиент асықтырады. Бірақ мен ешқашан «тез болсын» деп сападан бас тартпаймын. Бір бұранда дұрыс қатпаса, ертең қауіп төнеді. Ал біз сеніммен жұмыс істейміз, – дейді ол байыппен.

Кәсіпкерлік – тек табыс емес, жауапкершілік

Біржан үшін кәсіп – тек табыс көзі емес, тәрбие мен сенім мектебі. Ол өз жұмысында тек механика емес, адамдық мәдениетті де қалыптастыруға тырысады.

Клиенттің көлігін өз көлігіңдей жөнде. Адамның сенімі – ең үлкен капитал, – дейді ол.

Сол ұстанымның арқасында бүгінде оның орталығы өз тұтынушыларына сенімді шеберханалардың біріне айналған.

Уақыт өте келе ол жаңа бағыт – көлік жуу орталығын іске қосты. Қазір күніне 50-ге жуық көлікке қызмет көрсетіледі.

Бәсеке мен сапа мәдениеті

Қызылордада соңғы жылдары автосервис саны көбейді. Бірақ Біржан оны бәсеке емес, даму мүмкіндігі деп біледі.

Бәсеке – қорқыныш емес, қозғаушы күш. Айналаңда мықты мамандар көп болса, өзің де ілгері жылжисың, – дейді ол.

Клиент сенімін сақтау үшін ол жаңа әдістерді үнемі енгізіп отырады: онлайн брондау, жедел қызмет көрсету, сапа кепілдігі.

Біржан Сахи – адал еңбегімен абырой тапқан азамат. Оның өмірі – еңбек, табандылық және сенімнің символы. Біржанның шеберханасында жөнделген көліктер қала көшелерінде жүйткіп жүр. Бірақ оның ең үлкен жетістігі – жөнделген темір емес, қалыптасқан сенім мен еңбек мәдениеті.

Күн еңкейіп, қала үстіне кеш түссе де, оның шеберханасында жарық сөнген емес. Бұл – адал еңбектің жарығы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жеке мұрағаттан
Өзгелердің жаңалығы