Темір жолда белгіленбеген жерден өткен 15 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері 15,5 мыңға жуық азамат темір жол төсемін белгіленбеген жерлерден өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, темір жол бойындағы қайғылы оқиғалардың алдын алу және ескерту мақсатында Көліктегі полиция департаменті және оның желілік бөліністерімен темір жол нысандарындағы жүріп-тұру ережелерін түсіндіру бойынша алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргізілуде.

Жыл басынан бері көлік полицейлері 349 бірлескен алдын алу іс-шарасын, 442 халықпен кездесу, жолаушылар пойызында 606 кездесу, білім беру мекемелерінде «Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ!» атты тақырыбымен 1060 дәріс өткізді. Алайда, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, азаматтардың темір жол көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері жалғасуда.

«Департаменттің әкімшілік полиция басқармасының мәліметі бойынша осы жылдың 6 айында 14 198 азамат темір жол төсемін белгіленбеген жерлерден өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-делінген хабарламада.

Биыл шұғыл тежелудің 919 фактісі тіркелді, оның ішінде темір жол бойында адам болуына байланысты – 337 факті, темір жол төсемінде мал болуына байланысты – 520 факті, сондай-ақ темір жолдарға бөгде заттарды салудың 4 фактісі тіркелді. 23 шілдеде еліміз бойынша шұғыл тежелудің 11 фактісі тіркелді.

Мәселен, Жамбыл облысының «Қияқты-Хантау» аралығында «Нұр-Сұлтан-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы жылқыны қағып кетті. Осыған байланысты, мал иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-тармағы (Темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК (12 625 тг) көлемінде айыппұл салынды.

«Биыл 6 ай ішінде еліміз бойынша 54 азамат пойыз астына түсті, қайғылы жағдаймен аяқталған фактілер де бар.Көлік полициясының қызметкерлері темір жол көліктерінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды, темір жолдардан өткенде тек қана арнайы белгіленген орындардан өтуді және балаларды темір жол маңында қараусыз қалдырмау қажеттігін тағы да ескертеді», - делінген хабарламада.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы