Қазақстандағы өндірістік темір жолдың тозығы жеткен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан темір жол арқылы жүк тасымалы бойынша алдыңғы қатардағы 10 мемлекеттің тізіміне кіреді. Алайда, көлік жүйесінің техникалық дамуы мен көлік технологиялары деңгейінің төмендігі салдарынан сапалы тасымалдау қызметіне деген сұраныс қанағаттандырылмай келеді.
Бұл салада ел экономикасы үшін маңызды - көмір, мұнай, металл өнімдері мен өзге шикізат көздерін тасымалдау мүмкіндігіне кері әсер ететін бірқатар факторлар бар.
Сарапшылардың пікірінше, жүк тасымалындағы сенімділік теміржол құрылысының сапасына тікелей байланысты. Еліміздегі негізгі күре тамыр саналатын магистарльді, станциялы жолдардың сын көтермейтіні – теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздігіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары теміржолдағы түрлі апаттардың жиілеу осыған дәлел бола алады.
Көлік кешеніне тиесілі негізгі қордың шамамен 90%-ға жуығы тозып біткен. Мамандардың айтуынша, кірме жолдардың басым көпшілігі қауіпті жағдайда. Жол бойындағы қараусыз қалған бөліктері тоналып жатыр.
Ұлттық тасымалдаушының теміржол инфрақұрылымын жаңартуға деген қаржылық мүддесіздігі бірнеше жыл бұрын олардың жекешеленіп кетуіне әкеп соқты. Сонымен қатар, жекешелендіру барысында теміржолдың мыңдаған бөлігін өзгенің қарамағына беру бұл мәселені одан сайын күрделендіретіні анық еді.
Қазақстанда тауардың соңғы бағасындағы көлік тасымалы қызметінің үлесі айтарлықтай жоғары, яғни, ішкі теміржол тасымалы үшін 8-10%-ды құрайды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, егер тұтынушылар темір жолды күтіп ұстауға мән бермесе – вагондардың аударылу секілді апаттар бұдан да жиілеуі мүмкін.
Мысалы, Павлодар облысындағы кірме жолдардың негзігі тұтынушыларының бірі «Богатырь» мен «Северный» кең орнында көмір өндірісімен айналысатын «Богатырь Көмір» ЖШС. Аталған мекеменің шетелдік басшылары теміржолдың бұл бөлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол ұшын беруден үзілді-кесілді бас тартып, бұған дейінгі келісімшарт міндеттерін орындамады.
Атап айтқанда, «Богатырь Көмір» ЖШС-нің ресейлік басшылығы «Қазақстандағы инвестициялық міндеттемелерді орындап отырмыз» деген желеумен темір жол қызметтерін төлеуге қатысты кері ұстанымда қалып отыр.
Мұндай жағдай сақтала берсе, көмір тасымалына арналған кірме жолдар үш-төрт жылдан кейін 100% тозып бітеді. Яғни, ресейлік тарап ірі қазақстандық кен орнын басқаруды доғарған кезде – кірме жолдар да жоғалады.
Ал, бұл жобаны жүзеге асырудағы негізгі шығын көлемі – көмірді циклдық-ағымдық технология арқылы өндіру – соңғы бірнеше жылда жоспарланған инвестициялық мөлшердің 5%-нан да аспай, жылына 50-ден 250 млн теңгеге дейінгі көрсеткішке ие болып отыр. Алайда, акционерлерге төленген дивидент көлемі ұлғайып – соңғы үш жылда ғана 35 млрд теңгеден асты.
Отандық теміржол иесі тарифті көтерді деген желеумен «Богатырь Көмір» ЖШС қазақстандық станцияларға көмір сату мөлшерін күрт азайтты. Ал, шын мәнінде жаңа тариф көмірдің бір тоннасына 27 теңгеден 80 теңгеге дейінгі көлемде ғана әсер етеді. Кәсіпорын көмірдің негізгі көлемін экспорттық келісімдер арқылы жүргізіп, қазақстандық энергостанцияларға айналма жолдар арқылы бұл көлемді жеткізбей келеді. Бұл жылыту маусымы кезінде көмір бағасын күрт қымбаттату үшін жасалған әрекет. Бұл шетелдік инвесторлардың біздің елдің мүддесін ескермеуі деген сөз.
Осылайша, аталған кәсіпорынның маржалық көрсеткіші 40%-дан жоғары деңгейде тұр, ал, Ресейдегі тау-кен бизнесінің жалпы көрсеткіштері 12%-20% аралығында. Атап өтерлігі, бұл кәсіпорынның негізгі табыс көзі Қазақстанда орналасқан, ондағы көмір өндірісінің жалпы үлесі 75%-ды құрайды.
Сондықтан, осы шетелдік қатысушы қызметін атқарып болып, ортақ кәсіпорыннан кеткен соң, бізде тек бос орын қалып, барлық активтер құлайды, жаңадан ештеңе құрылмайды.
Теміржол қызметі үшін төлемнің уақытылы жүргізілмеуі кірме жолдарды жөндеу, оларды күтіп ұстау секілді инвестициялық бағдарламаның дұрыс орындалмауына әкеледі. «Богатырь Көмір» ЖШС-і секілді ірі кәсіпорындар мемлекетпен келісілген міндеттемелерін дұрыс орындауы бойынша шаралар қабылданса, кірме жолдардың тозуын алдын-алуға болар еді.