Темір ауданындағы тарихи мекенге ескерткіш қойылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауданға қарасты Қалмаққырылған елді мекенінде биіктігі үш жарым метр болатын батыр бейнесі орнатылды. Бұл туралы aktobenews.kz сайты хабарлайды.
Тарихи деректер бойынша Еділ қалмақтары мен Әбілқайыр ханның әскері арасында болған шайқаста қазақтар бастаған қалың қол жеңіске жетіп бұл жерді «Қалмаққырылған» деп атаған. Шұбарқұдықтан 25 шақырым жерде орналасқан мекенге батырлардың ерлігін ұлықтайтын алып ескерткіш орнатылды. Алдағы уақытта бұл аймақ мәдени орынға айналады деп күтілуде.
«Темір ауданында зобалаң жылдардың куәсі, батыр бабаларымыздың ерлігін айғақтайтын Қалмаққырылған атты елді мекен бар. XVIII ғасырдың екінші жартысында болған ірі шайқас орнына темірліктер ата-баба рухына құран бағыштап, ескерткіш орнатты. Қазақ батырларының жиынтық образын құраған «Батыр» бейнесінің биіктігі үш жарым метр. Қалмаққырылған жотасының биік нүктесіне орнатылған ескерткіш еңселі көрінеді. Алдағы кезеңде елді мекен ерлікті насихаттайтын тарихи мәдени орынға айналады. Туристер көп тоқтайтын қонақ үй құрылысы да осы жылы басталмақ. Бұған тарихи орынның Ақтөбе-Атырау тас жолының іргесінде орналасуы өз септігін тигізетін болады», - дейді аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетов.