Темекімен күрестің тиімді әдісі вейп пе?

Бұл тиімді әдіс Қырғызстанда өткен City Health конференциясында айтылды. Оның пайдасын көріп үлгерген елдер де баршылық, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осымен 12-рет өтіп жатқан конференцияға 15 елдің сарапшылары қатысқан. Мамандар халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін қауіп факторларын азайту мүмкіндіктерін талқылап, есірткі, алкоголь, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің болмауы, экология және психологиялық жағдай туралы егжей-тегжейлі сараптама жүргізді.

Зиян әдеттерден ушығып отырған проблема бұл елдерге ортақ шешілмей келе жатқан түйін. Мысалы, Өзбекстанда 2014-2019 жылдар аралығында, яғни 5 жыл ішінде темекіге әуес тұрғындардың үлесі 13-тен 16,5 пайызға артып кеткен. Ал өз елімізде зиян әдеттердің ішінде ең ушығып тұрғаны – дұрыс емес тамақтану екен. Мұндай мәліметті Жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларын төмендету жөніндегі «Денсаулық» Қазақстан ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменова келтірді. Оның айтуынша, жұртқа тыйым салу немесе мәжбүрлеу нәтиже бере қояр шара емес.

Бағыттау, ақпараттандыру, ақылға қонымды шектеулер енгізу және бала кезінен салауатты өмір салтына деген ниетін ояту – ұлтты сауықтырудың ең жақсы тәсілі. Сондықтан, ЖЕА-мен күрестегі біздің көзқарасымызда мемлекеттік органдармен алты бағыт бойынша: темекі шегу, есірткі, тамақтану, алкоголь, белсенділік және репродуктивті мәдениет бойынша бірлескен жұмысты қамтитын зиянды азайту тұжырымдамасы жатыр, - деп атап өтті қауымдастық басшысы Бақыт Түменова.

Мамандар сөз еткен зиянды азайту тұжырымдамасы қауіпті әдеттердің салдарын барынша азайтуға бағытталған. Мысалы, барынша дұрыс тамақтану үшін тұз, қант және трансмайларды азайту керек. Айталық, темекімен күресте ересектерге түтінсіз балама ұсыну арқылы ғылыми негізі бар таңдау берілуге тиіс екен.

Бұл тұжырымды есірткі және алкоголь саясаты бойынша сарапшы Дэвид Макинтош та айтып отыр. Ол келтірген мысалға сенсек, биыл Ұлыбритания билігі темекі шегушілерді шылымнан зияны әлдеқайда аз әрі түтінсіз баламаларға көшіру бойынша ауқымды бағдарламаны іске қосқан. Бұл бағдарлама бойынша, темекіні тастаудың орнына 1 миллион темекі шегушіге тегін вейптер ұсынылыпты. Ұлыбританияда зиянды азайту аясындағы осы және басқа да шаралар елге 7 жылдан кейін темекі шегушілердің 5%-дық шегіне жетуге көмектесетініне сенімді.

Вейпингтің темекі шегушіге және оның айналасына келтіретін зияны әлдеқайда аз. Электрондық темекіні пайдаланған кезде шылым жанбайды, яғни улы химикаттар түзілмейді. Темекі түтінінің болмауы – вейпингтің ең үлкен артықшылығы, - дейді Дэвид Макинтош.

Бұл сөзді тағы бір ғалымның пікірі қостайтындай: Швециядағы Линкопинг университетінің ішкі медицина және эндокринология профессоры Фредрик Юнгстрем Швецияда кейінгі жылдары темекі шегушілер саны еселеп азайғанын айтып отыр. Мұның себебі – түтінсіз баламалар.

City Health конферециясы өткен Қырғыз елінде де зиянды азайту ұстанымдары қолданылып үлгеріпті. Мысалы, жақында көрші елде қыздырылған темекіге дифференциалды салық салынған, яғни тұтынушыларды зияндыдан зияны азына өткізуге ынталандыру үшін темекіге қатысты акциздер төмендеген.

Салауатты өмір салтын трендке айналдыру үшін зор күш жұмсауымыз керек, дәл осы Зиянды азайту тұжырымдамасы тиімді құрал бола алады, - дейді дәрігер, Жогорку Кенештің Денсаулық сақтау жөніндегі Орталық Комитетінің төрағасы Винера Райымбачаева.

Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жастарды қажетсіз өнімдерден қорғау үшін тыйым салу емес, реттілік маңызды. Дегенмен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін байыппен шешкен жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: City Health International Conference
Өзгелердің жаңалығы