Темекі бұйымдары қалай таңбаланады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді Қазақстанда темекі бұйымдарын таңбалауда акциз маркаларының орнына штрих кодтар қолданылады. Штрих кодтарды темекі бұйымдарының өндірушілері мен импортерлары жапсыруы қажет. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.
Салық кодексінің 142-бабының 17) тармақшасында «акциздік маркалар» термині «сәйкестендіру құрылғыларына» ауыстырылды.
Аталған норма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.
Сәйкестендіру құрылғылары – бұл штрих код түрінде ұсынылған немесе радиожиілік белгісіне жазылған немесе автоматты түрде сәйкестендірудің өзге құралы (технологиясы) пайдаланыла отырып ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы символдардың бірегей тізбегі (Қазақстан Республикасы «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 1-бабының 31) тармақшасы).
Өз кезегінде, темекі өнімдерін таңбалау өндірілген сәттен бастап, импорт қоса алғанда, қадағалау мүмкіндігін береді. Осындай таңбалаудық арқасында тұтынушыларға сатып алынатын тауарлар туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік берілді.
Осылайша, акциз маркалары алынып тасталуына байланысты, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекі өнімдері тек қана сәйкестендіру құрылғыларымен таңбаланады.
Алкоголь өнімдеріне қатысты, оларға осыған дейін қолданылғандай есептік-бақылау маркалары жапсырыла береді.