"Телеграмнан қауіптенемін". Депутат балаларға қауіпті қосымшалар туралы айтты
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттар мен ойындарға атүсті қарауымыз керек. Мәслихат депутаттарының форумынан кейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қандай әлеуметтік желіден қауіптеніп жүргенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Менің ең қауіптенетімін - телеграм арнасы. Қосымшада өте көп мәселе бар. Анаша сататындар, педофилияға қатысты топтардың көбі осы телерам арқылы таралып жатыр. Ол жерде кейбір қыздарды жезөкшелікке де тартқан әрекеттер бар. Өздеріңізге мәлім, платформаның басшысы (Павел Дуров) Францияда ұсталды. Олар мәселенің барын мойындап отыр. Үндемей қарап отыруға болмайды. Ал, тиктокқа келсек, платформа құзырлы органдармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Жалған ақпарат тараса, алып тастайды. Ал, әзірше телеграмда ондай мүмкіндік жоқ, - деді Әбенов.
Сондай-ақ депутат мектеп оқушылары арасында таралып жүрген қауіпті ойындар туралы айтты.
Қазіргі таңда көршілес елдерде таралған ойындар пайда болған. Авторлары кім екені белгісіз. Ол ойындар "ата-анаңа өтірік айт", "жасырын" және "үйден шығып кет" дегендей талап қойып, балаларымызды теріс әрекеттерге итермелейді. Сондықтан бақылауда ұстамасақ болмайды. Ата-ана баланың смартфонын жіті тексеріп, көз жеткізу керек. Бұл мәселені депутат ретінде көтереміз. Өз басым балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты ұсыныс айтқан едім. Әлі де қосымша өзгерістер болады. Мәселен, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және балаларға қосымша сабақ беру секілді дүниелер қолға алынады, - деді депутат.