Телеграмдағы «Bala Qorgau» ботына 500-ге жуық өтініш түскен

«Bala Qorgau» телеграм-ботына 500-ге жуық өтініш келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылдың басынан бері Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «Bala Qorgau» телеграм-ботына 500-ге жуық өтініш келіп түсті. Сұрақтардың басым бөлігі отбасындағы жанжалдарға, балалар мен педагогтер арасындағы қарым-қатынасқа, сондай-ақ жәбірлеуге қатысты болды.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті әрбір өтінішке баса ден қойып, әрбір мәселені толық шешілгенге дейін мұқият қадағалайды. Барлық өтініш тәулік бойы өңделеді. Ата-аналар мен балалардың құқықтық және психологиялық көмекке мұқтаж екені байқалады. Балаларға психологиялық қолдау шұғыл түрде қажет екені анық. Көптеген жұмыс басты ата-аналар балаларына жеткілікті түрде уақыт пен көңіл бөлмейтіні белгілі. Осыған орай комитет ата-аналарды балалармен тығыз қарым-қатынас құрып, барынша көп уақыт бөлуге шақырады. Бұл қайғылы жағдай мен оқыс оқиғалардың алдын алу үшін маңызды, - деп жеткізді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Кез келген адам «Bala Qorgau» чатына жүгіне алады, оның QR-коды барлық білім беру ұйымдарында орналастырылған. Бұл ресурс мектепте, үйде және көшеде қиындықтарға тап болған оқушылар мен олардың ата-аналарына көмектесуге бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы