Telegram каналымыздағы чатта 9 мыңдай сұрақты талқыладық – Атырау облысы әкімі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Telegram қосымшасында облыс əкімдігі бастамасымен ашылған чат-каналда барлық деңгейдегі əкімдер, басқарма мен коммуналдық мекеме басшылары тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап береді.
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
Баршаңызға мәлім, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыруды тапсырған еді. Бұл орайда аталмыш міндетті орындауда Атырау облысы көш бастап тұр десек болады.
Тұрғындардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнату үшін Telegram қосымшасында облыс əкімдігі бастамасымен ашылған чат-каналда, барлық деңгейдегі əкімдер, басқарма мен коммуналдық мекеме басшылары тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап береді. Қазіргі уақытта каналда 13 мың қолданушы тіркеліп, 9 мыңдай сұрақ талқыланды, - деп атап өтті өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Оның айтуынша, мемлекеттік орган жетекшілері 70 тікелей эфир өткізіп, онда онлайн тəртіпте барлық қызығушылық туғызған сұрақтарға жауап алынған.
Тұрғындармен тіке және кері байланыс орнату мақсатында телеграм чат ашылды. Лезде, дереу және қысқа мерзімде жауап қатуға мүмкіндік береді. Тікелей эфирде тілшілерге, тұрғындарға жауап беруге мүмкіншілік бар, - деп түйіндеді сөзін Атырау облысының әкімі.
Оның үстіне, облыс орталығында "Атырау Цифрлық Қабылдау" мобильді қосымшасы іске қосылған. Онда 4 800 қолданушы тіркеліп, 1 800-ден астам мəселе талқыланды.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап Атырау əкімшілігі қоғамдық көлік сапасын жақсарту мақсатында көлік паркі кеңейтілді. Жаңадан 141 автобус алынды. 2020 жылы қосымша 170 автобус алынады деп жоспарлануда. Қазан айынан бастап, Атырауда қоғамдық көлікте жол ақысын электронды төлеу жүйесін жəне дифференциалды тариф енгізілмекші.