Телефонсыз өскен чемпион: Бибісара Асаубаеваның анасы қызын қалай тәрбиелегенін айтты
Блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Хакім қызының спорттық жолы оңай болмағанын айтады. Оның сөзінше, Бибісара алты-жеті жасынан бастап әлем чемпионаттарына қатысып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз кішкентайынан бастап халықаралық жарыстарға барып жүрміз. Мен әрдайым елімді лайықты танытуға тырыстым, – дейді ол.
Лиана Хакім ешқашан қиындықтарды сыртқа шығарып, біреуден көмек күтпегенін айтады.
Мен ешқашан «бізде проблема бар» деп айтпаймын. Себебі ешкім сен үшін келіп шешіп бермейді, бәрін өзің істеуің керек. Сара (Бибісара Асаубаева – ред.) кішкентай кезінде қаржылық қиындықтар болды. Көмек сұраған кезім болды, бірақ сол сәтте мен бір нәрсені анық түсіндім – баламның болашағы тек менің қолымда. Егер оның әлеуетін ашқым келсе, бәрін өзім жасауым керек, – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде тек әдемі көрініс көрсетіледі, ал үлкен еңбектің, тәртіп пен жауапкершіліктің тасада қалатыны өкінішті.
Көп адам «әдемі өмір, әдемі жетістік» деп ойлайды. Бірақ оның артында қаншама еңбек тұрғанын көрсетпейміз. Мен бір кездері бәрін ашық көрсеткім келді, турнирлік режимді, күнделікті тәртіпті, бірақ ол жүзеге аспады. Дегенмен, шын мәнінде, бұл – орасан зор жұмыс, – дейді ол.
Лиана Хакім балалар тәрбиесінде тәртіп пен жүйенің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Бибісара 16 жасына дейін гаджетсіз өскен.
Сараға телефон 16 жарым жасында ғана берілді. Оның өзінде халықаралық шебердің үш нормасын орындағаннан кейін ғана. Бірақ кейін Бибісара келіп, «маған телефон бергенің қате болды» деді. Бұл – оның өз сөзі, – деп еске алады анасы.
Бұл пікірді Бибісараның өзі де растады.
Мен карантин кезінде ұзақ уақыт телефонсыз жүрдім. Бір кезде гаджетке тым көп уақыт жұмсай бастағанымды сезіп, өзіме шектеу қойдым. TikTok-ты өшіріп, қайтадан қалыпқа келдім. Меніңше, телефонды кеш берген дұрыс, – дейді шахматшы.
Лиана Хакім қызының кітапқа деген сүйіспеншілігін де ерекше атап өтті.
Сара бала кезінен кітапты көп оқиды. Сапарға шыққанда чемоданында міндетті түрде бірнеше кітап болады. Ол классикалық әдебиетті де, қазақ және шетел авторларын да оқиды. Бұл – бүгінгі жастар үшін үлкен үлгі, – дейді шахматшының анасы.
Оның айтуынша, белгілі бір жастан кейін баланы дербестікке үйрету де маңызды.
Журналистерге берген сұхбатында ол ата-аналарға да кеңес берді.
Балаң үшін ең алдымен авторитет болу керек. Егер сен балаңа көшбасшы болмасаң, ол ешқашан сені тыңдамайды. Мұның бәрі бала кезден қалыптасады. Сонда жасөспірім кезеңде қиындық болмайды. Бұл – баланы «сындыру» емес, керісінше, дұрыс бағыт беру, – деді ол.
Лиана Хакім ата-ананың орындалмаған армандарын балаға жүктеуге қарсы екенін де атап өтті.
Мен өз арманымды балаларым арқылы жүзеге асырған жоқпын. Әр балам – жеке тұлға. Бірі – шахматшы, бірі – өнерге жақын, бірі – музыкамен айналысады. Ең бастысы – баланың қабілетін көріп, соған жағдай жасау. Бұл үшін міндетті түрде көп ақша керек емес, ең бастысы – ниет пен мақсат, – деп айтты Бибісара Асаубаеваның анасы.