Телефондағы қауіпті ойын: Суицид дертінің алдын қалай аламыз

Елімізде жасөспірімдер арасындағы суицид қоғамды алаңдатып отыр. Қазір интернетте балалардың өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін ойын ойнап жатқаны қызу талқыланып жатыр. Осы ретте Ішкі істер министрлігі интернеттегі қауіпті контентті бұғаттау, жалпы суицидтің алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізіп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Baq.kz тілшісінің сауалына жауап берді.

Оның сөзінше, Ішкі істер министрлігі интернет арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимылды тұрақты әрі белсенді түрде жүргізіп келеді.

43 сайт жабылды

Заңсыз контентті, оның ішінде әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында суицидті насихаттаумен байланысты ресурстарды анықтауға және оларды бұғаттауға баса назар аударылады.

Жыл басынан бері мониторинг нәтижесінде суицидтік сипаттағы белгілері бар 43 интернет-ресурс анықталды, - деп айтты ІІМ ресми өкілі.

Олар бойынша ақпарат бұғаттау үшін уәкілетті органға, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілген.

pixabay.com

Тәртіпсіздікке үйрететін ойын суицидке итермелей ме?

Соңғы уақытта мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы ақпарат таралып жатыр. Мұндай ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейді, бірақ, айта кету керек, онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттерді құптау қаупі болуы мүмкін. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырады, - деп айтты Шыңғыс Алекешев.

Жалпы әрбір суицид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.

pixabay.com

Балалар не себепті суицид жасайды?

Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін себептер мынадай болуы мүмкін:

  • Жалғыздық сезімі;
  • Қиын материалдық жағдай;
  • Ата-аналарымен немесе туыстарымен жанжалдасу;
  • Оқудағы ұрыстар;
  • Ата-анасының ажырасуы;
  • Жақын адамының қайтыс болуы;
  • Жазаланудан қорқу және тағы басқа себептер.

Жалпы, суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады. Суицид жасау және соған әрекеттенудің 14 жағдайында кәмелетке толмағандар мас күйде болған. Сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бір жағдайында жасөспірім есірткілік масаң күйде болған.Талдау көрсеткендей, суицидтер мен суицид жасауға әрекеттенудің басым бөлігі 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдермен жасалған, - деп түсіндірді ІІМ өкілі.

ІІМ ата-аналарға үндеу жасады

Құрметті ата-аналар, балалардың мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайын бақылауда ұстаңыздар. Олармен ашық әңгімелесіңіздер. Қызығушылықтары туралы біліп жүріңіздер. Уақыт бөліп, барынша қолдауға тырысыңыздар. Балалардың көңіл күйіндегі, мінез-құлқындағы немесе әлеуметтік ортасындағы өзгерістерге назар аударыңыздар. Егер қандай да бір күмәнді белгілер байқалса, жағдайды тез арада қолға алу қажет, - дейді ІІМ өкілі.

Жай ғана жылулық пен қамқорлық танытудың өзі қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін. Интернетте қауіпсіздік шараларын сақтауды үйретіңіздер. Балалар әлеуметтік желілерде немесе онлайн-ойындарда кездесуі мүмкін қауіптер туралы білуі қажет. Егер олар күдікті дүниеге тап болса, көмек сұраудан қорықпауы тиіс.

Полиция балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдап жатыр. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында оқу орындарында 68 мыңнан астам дәрістер мен кездесулер өткізді. Құқықтық түсіндіру жұмыстары оқу жылының басталуымен күшейтіліп жатқандығын атап өткен жөн. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл баршамыздың ортақ міндетіміз. Бірлесіп қана біз өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта құра аламыз, - деді ол.

Суицидті жарнамалағандар айыппұл төлесе, оған итермелегендер сотталады

Елімізде бұл мәселелерді шешетін арнайы заң бар. Құжат биыл қабылданған.

Суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық кодексте жаңа екі құрам бойынша жаңа екі бап енгізілді;

  • суицидке итермелеу;
  • суицидті насихаттау.

Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы мен қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жаза бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы