Телефон арқылы қалай тоналасыз? – Алаяқтың айласынан сақтану жолдары

Қаржы алаяқтарының айласы күн сайын күрделеніп келеді. Олар банкир, полиция не тіпті туысыңыздың даусымен хабарласа алады. BAQ.KZ тілшісі бұл мақалада еліміздің қауіпсіздік мамандары мен сарапшылары ұсынған кеңестер мен нақты өмірден алынған мысалдар арқылы өз ақшаңызды қалай қорғауға болатынын баяндайды.

Бүгін елордада 800 адам қатысқан "Қаржылық алаяқтықтан қалай қорғануға болады" тақырыбында семинар өтті. Жиында алаяқтық әрекеттердің схемасы, алданып қалған азаматтардың нақты мысалы келтірілді.

Алаяқтар қандай схема қолданады?

ІІМ Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бейбіт Біржановтың айтуынша, интернет алаяқтық жалпы жасалатын қылмыстар санының төрттен бір бөлігіне тең. Бұл ұрлық сананың азайып, алаяқтықтың көбейгенін көрсетеді. Департамент былтырғы қарашадан бастап киберқылмыстармен күрес жұмысын бастады. Бұрын ІІМ-де мұндай бөлімше болмаған. Жарты жылдың ішінде 67 млн-ға жуық ҚР аумағынан тыс қоңыраулар бұғатталды. Яғни әрқайсысымызға келетін 100 қоңырау бұғатталды.

Тіркелмеген 88 мың SIM-карта тәркіленді.

Алаяқтықтың ең көп тараған түрі – құқық қорғау қызметкерлерінің атынан, ҰҚК атынан немесе банктердің қауіпсіздік қызметі атынан қоңырау шалу. Бүгінге 3000-нан аса осындай факті тіркелген. Мұндай жағдайда барынша мұқият болу керек. Алаяқтар алдымен хабарласып, полиция қызметкері, ҰҚК, Қаржы мониторингі агенттігі немесе басқа да қызметкер ретінде өзін таныстырады. Олар “Сіздің есепшотыңызда күмән тудыратын операция жүргізілді. Ақшаңызды басқа бір тұлғаға аудару тәуекелі бар немесе сіздің артыңызға несие рәсімдегелі тұр” деп, әңгімені бастайды. Осындай сөзді естігенде, қоңырауды бірден өшіре салу керек. Бұл – алаяқтар. Себебі полиция, Қаржы мониторингі, ҰҚК телефон арқылы қаржылық операцияларды жүргізбейді. Егер қажеттілік болса, сіздерді органның мекен-жайына шақырады. Сол жерде ақпаратты факт бойынша жеткізеді. Телефон арқылы хабарласқандарға сенбеңіздер. Ондай ақпаратты құқық қорғау органдары сұрамайды, - дейді маман.

Сөзінше, екіншіден, алаяқтар хабарласқанда түрлі құжат көрсетуі мүмкін. Мысалы, Whats’App арқылы қызметтік куәліктерін жібереді. Олар мұндай әрекетті сенімге кіру үшін жасайды.

Сондай-ақ олар құқық қорғау органдары қызметкерлері куәліктерін бейнеқоңырау арқылы көрсетуі мүмкін. Бұлар да алаяқтар.

Алаяқтар негізінен Whats’App арқылы қоңырау салады. Алаяқтар аты-жөнінің орнына "МВД", "ДВД" деп жазып, логотипін негізгі фотоға қояды. Бұл да сенімге кіру үшін жасалатын әрекет. Мысалы, сіздің құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін туыстарыңыз Whats’App-тағы аккаунттарына осылай жаза ма? Жоқ. Көбіне баласының суретін немесе басқа жазба мен сурет тұрады. Сол себепті осындай жағдайға тап болғанда да мұқият болу керек, - деп айтты ол.

Қосымша орнатудан бас тарту қажет

Алаяқтар хабарласқанда телефонға қосымша орнатуды сұрауы мүмкін. Олар "Сіздің телефоныңызға немесе банк қосымшаларыңызда белгілі бір күмән тудыратын операциялар жүргізіліп жатыр. Біз сіздерге антивирус қойып, телефоныңызды тазалап, бәрін қалпына келтіреміз" дейді. Мұндай жағдайда алаяққа сеніп қалмаңыздар. Себебі телефонға қосымша орнатылғаннан кейін олар сіздің телефоныңызды толықтай басқара алады. Мысалы, Whats’App, басқа әлеуметтік желілерге, суреттеріңізге, банк қосымшаларыңызға толықтай қол жеткізе алады.

Оның сөзінше, тағы бір алаяқтық схеманың көп тараған түрі – маркетплейс қосымшаларының немесе әлеуметтік желілердегі парақшалардың көшірмесі. Алаяқтар қоңырау шалмай-ақ, мессенджер арқылы алдай алады. Ол жарнамаға жалған сілтемелер қойып, адамдарды алдайтынтынын түсіндірді. Полицей интернеттегі кез келген ақпаратқа сыни көзбен қарау керегін айтты.

Сонымен қатар Бейбіт Біржанов әлеуметтік желі не маркетплейстерден тауар сатып аларда, алдын ала ақша аудармауға кеңес берді.

Кейіп пен кейс

"Қарызсыз қоғам" жобасының сарапшысы Дулат Мыңбаев бастама аясында шешімін тапқан нақты жағдайларға тоқталды.

Оның айтуынша, бұл жоба көптеген қазақстандыққа шынайы қолдау көрсетіп отыр. Қиын жағдайға душар болған азаматтар тек көмек алып қана қоймай, сонымен қатар қаржылық сауаттылығын арттыру мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі әңгіменің өзегі – қаржы алаяқтығы. Сарапшының сөзінше, қазақстандықтар алаяқтардың құрбанына айналатын жағдайлар аз емес – тек қаржы пирамидалары немесе онлайн алаяқтар ғана емес, кейде өз жақын таныстары да сенімді пайдаланып, қарызға батырып кетіп жатады.

Мысалы, кейбір жағдайларда адамдардың туыстары немесе достары олардың атына бірнеше несие рәсімдеп, кейін ол берешекті өтемей кетеді. Ал төлеу міндеті сол адамға жүктеледі, – деді ол.

Сарапшы мұндай әрекеттердің қандай ауыр зардаптарға әкелетінін көрсету үшін нақты өмірден алынған мысал келтірді. Оның айтуынша, жалғызбасты дәрігер жақын танысының өтінішімен өз атына несие рәсімдеп, қиын жағдайға тап болған.

Бұл азамат шағын кәсіп ашпақ болған танысына сеніп, 13 миллион теңгеге несие алған. Айлық табысы небары 350 мың теңге болса да, несие төлемі 500 мың теңгеге дейін жеткен. Ал танысы қаражатты алған соң байланысқа шықпай, ізім-қайым жоғалып кеткен. Кейін оның бұрын сотталған алаяқ екені белгілі болды. Соған қарамастан, берешек дәрігердің мойнында қалды, – деді Дулат Мыңбаев.

Жоба аясында заңгерлер оған құқықтық көмек көрсетіп, ай сайынғы төлем кестесі оның табысына сай қайта құрылды. Сөзінше, жәбірленуші азамат қаржы сауаттылығы курстарынан өтіп, қазір несиесін уақытылы төлеп жүр,

Осындай жайт Қызылорда қаласында да тіркелген. 2018 жылы баласын емдету үшін несие алған келіншектің сәбиі, өкінішке қарай, шетінеп кеткен. Тұрақты жұмысы болмағандықтан берешекті жаба алмаған. Астанаға көшіп, әртүрлі жұмыстар істеп жүріп “Қарызсыз қоғам” жобасы жайлы естіп, өтініш білдірген. Мамандар оның несие тарихын қалпына келтіріп, банкроттық рәсімін заң аясында реттеп берген. Соның нәтижесінде барлық қарызы заңды түрде жабылған.

Алаяқтардан қалай қорғану керек?

- Банк ешқашан телефон арқылы жеке деректер мен кодтарды сұрамайды.

- Ешкімнің өтініші бойынша бөгде қосымшаларды орнатпаңыз.

- Күмәнді қоңырау кезінде телефонды қойып, ресми нөмір бойынша банкке қайта қоңырау шалыңыз.

- Ешқашан телефон арқылы қосымшаларды, әсіресе «қашықтан қол жеткізуге» арналған қосымшаларды орнатпаңыз (Anydesk, TeamViewer және т.б.).

Фишинг:

- Күдікті сілтемелерге өтпеңіз.

- Сайттың мекенжайын мұқият тексеріңіз.

- Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.

Жалған инвестициялар:

- "Кепілдендірілген табысқа сенбеңіз".

- Компания туралы ақпаратты және лицензиясын тексеріңіз.

P2P-алаяқтық:

- Төлем расталмайынша тауар жібермеңіз.

- Эскроу сервистерін пайдаланыңыз.

Криптовалюта алаяқтығы:

- Тексерілмеген жобаларға ақша салмаңыз.

- "Жылдам пайда" мен агрессивті жарнамалардан аулақ болыңыз.

Deepfake және дауыс арқылы алдау:

- Ақша жіберу туралы өтініштерді қайта тексеріңіз.

- Бейнеқоңырау арқылы сөйлесіңіз және кодтық сөздер қолданыңыз.

Бұған дейін елімізде қыркүйектен бастап банк картасын қолдануға қатысты тыйым енгізілетіні туралы жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив/ Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы