“Теледидар көру деңгейі төмен”: “Қайрат” – “Реал” матчының тікелей эфирі неге үзілді?
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев “Қайрат” пен “Реал Мадрид” арасындағы матчтың онлайн-трансляциясы не себепті үзілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өте ірі оқиға болды – “Реалдың” Қазақстанға келуі. Өздеріңіз білесіздер, “Реал” – әлемдегі ең танымал клубтардың бірі. Біздің деректер бойынша, кейде олардың матчтарын бір мезетте шамамен бір миллиардқа дейін адам қарайды. Бұл жолы да сондай жағдай болды, – деді Мұсалиев.
Оның айтуынша, матчтың тікелей эфирі тек “Qazaqstan” телеарнасының интернет-порталы арқылы жүргізілген, ал эфирлік, кабельдік және спутниктік арналар сол кезде қалыпты жұмыс істеп тұрған.
Осы жағдайдан кейін біз нарықтың өзгеріп жатқанын түсіндік: адамдар теледидарды азырақ көріп, интернетке көбірек көшіп жатыр. Бір сәтте көрермендер саны 500 мыңнан асып, кейбір бағалаулар бойынша 3–4 миллионға дейін жетті. Мұндай көрсеткіш бізде бұрын болмаған, – деді министрдің орынбасары.
Оқиғадан кейін, Мұсалиевтің айтуынша, телеарна “Қазақтелеком” компаниясымен бірлесе отырып, қажетті шаралар қабылдаған. Серверлік қуаттар 4-5 есеге арттырылған, осылайша болашақта осындай техникалық ақаулардың алдын алу жоспарланып отыр.
Еске салайық, тарихи матч “Қайрат” пен “Реал Мадрид” арасында 30 қыркүйек, сейсенбі күні Алматының Орталық стадионында өтті және қонақтардың пайдасына 0:5 есебімен аяқталды.