Тель-Авивтен Венаға ұшқан ұшақ бомба қаупіне байланысты Софияға шұғыл қонды
Тель-Авив – Вена рейсіндегі бомба дабылы
Тель-Авивтен Венаға ұшқан Airbus A320 жолаушылар ұшағы 18 қазан кеште бомба туралы хабарламадан кейін Софияға шұғыл қонды. Ұшаққа МиГ-29 әскери жойғыш ұшақтары бағытталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Болгар ұлттық телевидениесі BNT-ға сілтеме жасап.
Бортта 51 жолаушы мен экипаждың алты мүшесі болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, қауіп төнгенін экипаж мүшелерінің бірі хабарлаған.
Сигнал түскеннен кейін Болгария әскери-әуе күштерінің МиГ-29 жойғыш ұшақтары әуеге көтерілді. Олар Airbus A320 ұшағын София әуежайына қонғанша сүйемелдеп барды.
Бомба туралы хабарламаны тексеру үшін жедел штаб құрылды. Жұмысқа жауапты ведомстволар тартылды.
Болгария Көлік министрлігі BNT арнасына хабарлағандай, ұшақ сапарын әрі қарай жалғастыра алды. Ол Васил Левский атындағы әуежайдан 19 қазанда сағат 03:00-ге таман ұшып шықты.
Қауіптің мән-жайы анықталуда. Жарияланған хабарламаларда авиакомпанияның атауы көрсетілмеген.