Бүгiн 2026, 17:30 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

"Тексеріңіздер": Әбдіров референдум алдында үндеу жасады

Орталық референдум комиссиясы азаматтарға ресми үндеу жасап, республикалық референдумға қатысудың тәртібін түсіндірді.

Орталық референдум комиссиясы азаматтарға ресми үндеу жасап, республикалық референдумға қатысудың тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Комиссия төрағасы референдумға қатысу – әр азаматтың конституциялық құқығы екенін атап өтті.

Құрметті референдумға қатысушы! Сіздің референдумға қатысуға конституциялық құқығыңызды іске асырудың кепілі – Сізді республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдеріне енгізу болып табылады, – деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, дауыс берушілердің тізімін жергілікті атқарушы органдар азаматтардың тұрақты тіркелген жері негізінде жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар өтініш арқылы тізімге енгізіледі.

Дауыс беруге арналған учаскелер мен олардың шекаралары туралы мәліметтерді тиісті әкімдер 2026 жылғы 21 ақпанға дейін жариялайды. Азаматтар өз учаскесін біліп, тізімге енгізілгенін жергілікті атқарушы орган арқылы тексере алады. Тізімде болмаған жағдайда әкімдікке өтініш беруге құқылы, – деді комиссия төрағасы.

Сондай-ақ 27 ақпаннан бастап азаматтарға өз деректерін дауыс беру учаскесінде тексеру мүмкіндігі берілетіні айтылды. Қажет болған жағдайда учаскелік референдум комиссиясына өтініш жасауға болады.

Егер Сіз референдумға қатысуға құқылы болсаңыз, онда азаматтық жауапкершілік танытып, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумға қатысу құқығыңызды іске асыруға шақырамыз, – деді Нұрлан Әбдіров.