Нұр-Сұлтанда ғимараттарды техникалық тексеру жұмыстары жүргізіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл техникалық жағынан күрделі көпқабатты ғимараттар мен адамдар көп жиналатын ғимараттарда кешенді техникалық тексеріс жүргізіледі, деп хабарланды қала әкімдігінің ресми сайтында.
Әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың айтуынша, 128 ғимарат пен құрылымға техникалық тексеру жүргізу жоспарланған.
«Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы арнайы реттеу нысандарының техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізу бойынша жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта басқарма барлық объектілерге паспорттар мен техникалық тексерулер жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жіберді, олардың ішінде – «Астана-Нұрлы Жол» теміржол вокзалы, «Евразия-3» сауда орталығы, «Talan Towers» бизнес орталығы, «Политехникалық колледж» техникалық байқаудан өткен», – деді Нұрлан Нұркенов қала әкімдігінде өткен отырыста.
Оның айтуынша, техникалық сараптама нәтижелері бойынша сарапшылардың барлық тұжырымы мен нұсқауы тапсырыс беруші үшін міндетті болып табылады. Сондай-ақ, «Ғимараттар мен құрылыстар» стандарты бойынша ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйін алғашқы тексеру олар пайдалануға берілгеннен кейін екі жылдан кешіктірілмей жүргізіледі. Бұдан кейін ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйін тексеру кем дегенде 10 жылда және қолайсыз жағдайларда жұмыс істейтін ғимараттар немесе олардың жеке элементтері (қолайсыз ауа райы, діріл, жоғары ылғалдылық, аймақтың сейсмикалығы 7 ұпай) және тағы басқалар) үшін бес жылда бір рет жүргізіледі. Бірегей ғимараттар мен құрылыстар үшін мониторингтің тұрақты режимі белгіленеді.
Жиын барысында қала әкімі Бақыт Сұлтанов, жазғы маусым қарсаңында туристер ең көп келетін орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету айрықша маңызды екендігін айтты.
«Бұл – өте маңызды мәселе. Әсіресе, жазғы демалыс қарсаңында. 2018 жылы Мемлекет басшысы кинотеатрларды және балалардың ойын-сауық аймағын, қолданыстағы сауда-ойын-сауық орталықтарындағы тамақтану орындарын және басқа да ғимараттардың бірінші қабаттарында орналастыруды тапсырды», – деді қала әкімі.
Бақыт Сұлтанов техникалық тұрғыдан күрделі объектілерді мониторингілеу жұмыстарын жалғастыру қажет екендігін атап өтті. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына 2019 жылға жоспарланып отырған юрисдикциондық объектілерді техникалық тексеру нәтижелері бойынша техникалық тексерістер мен кемшіліктерді жою тапсырылды.
Білім беру басқармасына 2019 жылға арналған білім беру нысандарын техникалық байқаудан өткізу нәтижелері бойынша техникалық байқаудан өткізу және кемшіліктерді жою кестесін ұсыну тапсырылды.
«Аудан әкімдіктеріне, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына, Төтенше жағдайлар департаментіне ПИК-мен бірлесіп, биік тұрғын үйлерді техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына бірегей, техникалық тұрғыдан күрделі, биік және адамдардың көп жиналатын орындары бар нысандарды 2019 жылға жоспарланған кешенді техникалық тексеріс жүргізу үшін хабарландырулар жіберуі керек», – деді қала әкімі.