Текеліліктер 20 жыл күткен пәтеріне кірді

Текеліде мыңдаған отбасы кезекте тұрғаны белгілі. Бүгінде солардың бір бөлігіне 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілті берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауызсу мен көгілдір отыннан бөлек тұрғын үй де моноқаланың бір мәселесі. Дегенмен былтырдан бері баспанаға бағытталған құрылыс нысандары көбірек көрінуде. Мәселен, 40 және 60 пәтерлі қос тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қосымша  үйлер де тұрғызылуда. Келер жылы тағы да біраз отбасы көптен күткен баспанасына ие болады.

Мұнда жылдар бойы үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері және зейнеткерлер, мүмкіндігі жектеулі жандар пәтерлі болды. 1,2,3 бөлмелі үйлер табысталды. Айналасы толық абаттандырылған. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары да бар. Жауапты мердігер өз қаражатына балкон да салған. 4 бөлмелі пәтерлер де енгізілді, - дейді қала әкімі Алмас Әділ.

Бүгінде облыста қолданысқа берілетін баспаналардың жол картасы сызылған. Соған сай биыл 400 мың шаршы метрге жуық үй жетісулықтарға беріледі деп күтіледі. Соңғы алты айда 116 мың шарты метр үй халыққа табысталған. Жыл соңынан дейін қалғаны қолданысқа өтеді. Бұл былтырмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Мен тұрғын үй кезегінде 20 жылға жуық тұрдым. Аман есен кезегім келіп баспаналы болғаныма қуаныштымын. Жаңа үй қашанда адамға ерекше сезім сыйлайды. Осында баспаналы болған барша жерлестерімді құтықтаймын. Қаншама жылдар бойы кезекте тұрып, өз пәтеріне ие болды. Жесірді жылатпаған, жетім жарылқаған абзал, - дейді пәтер иесі Гүлнәз Тастыбаева.

Жалпы моноқалада биыл құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Туризмге де нақ ден қойылуда. Жаңа тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Алдағы уақытта осындай бірнеше тұрғын үйлер бой көтереді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Баспасөз қызметінен
Өзгелердің жаңалығы