Текеліде 15 апатты үй бар

Моноқалада тозығы жеткен көпқабатты үйлер жиі кездеседі. Тұрғындардың өтінішімен 8 үйдің шатыры жасалса, келер жылы 7 үйдің төбесі қайта жаңғыртылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Текелі моноқала статусын алғанымен, баспана мәселесін толық шеше алмай келеді. Кеңес өкіметі тұсында салынған кірпіш үйлер біртіндеп тозып барады. Сондай бірнеше тұрғын үй бар. Тіпті апатты жағдайда тұрған жер үйлер де кездеседі. Қатты жел тұрса уайымы үдейті текеліліктер облыс басшысы Бейбіт Исабаевқа жаңғырту жұмыстарын жүргізуді сұрады.

Бүгінде 8 тұрғын үйдің шатыры жөнделді, келесі жылы тағы 7 үй жөнделеді. Бұл жұмысты жалғастыруды және бұдан әрі де жоспарлауды тапсырамын. Сіздер берген есептеріңізде «шаралар қабылданып, жер телімдері бөлініп жатыр», дейсіздер. Ал солай болса, тұрғындар неге наразы? Демек, наразы болуына себеп бар деген сөз. Қағаз жүзінде есеп берудің уақыты өтті. Осы күні нақты іспен айналысу қажет. Бізге нақты нәтижелер керек, ол үшін бюджет қаражатының әрбір тиыны жергілікті жерлерде тиімді пайдаланылуы тиіс, - деді Б.Исабаев.

Кенді шаһарда 141 пәтерлік 15 апатты үй тіркелген. Осы мәселенің алдын алу мақсатында былтыр апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін 93 пәтер сатып алынған еді. Осы жылы тура сондай 48 пәтер сатып алынды. Оның ішінде 106,4 млн теңгеге 11-і өз иесін күтіп отыр. Жұмыстар күзде толық аяқталады.

Осы ретте тағы айта кетейік, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында таулы жерлерде орналасқан 6 тұрғын үйдің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру жөнінде ұсыныс енгізілді. Осы іс шеңберінде жергілікті бюджеттен 90 млн теңге қарастырылған. Бүгінде 4 үйдің тұрғындары қоныс ауыстырып үлгерді. Қалған 2 үй бойынша конкурс жарияланып, нәтижесі күтілуде. Алдағы уақытта шығады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан -архив
Өзгелердің жаңалығы