Тек шетелден алдыратын желатин енді Алматыда өндірілмек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров Түркиядан келген инвестормен кездесті.
Ол İskefe тобының орындаушы комитетінің мүшесі Серташ Ахмет Левент. Екі тарап Алматы индустриялық аймағында желатин өндіретін зауыт салуға қатысты бірқатар сұрақтарды талқылады деп хабарлайды Almaty.tv.
Жобаны жүзеге асыру үшін 4,5 га жер учаскесі бөлінді. Инвестор болашақта 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ете отырып, зауыт құрылысына шамамен 9,8 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 7 мың тоннадан астам «Халал» стандартты желатин шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Halavet KZ» ЖШС жобалық құжаттаманы Қазақстанның құрылыс нормалары мен стандарттарына бейімдеу рәсімін жүргізуде. Зауыт 2024 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.
Желатин өндірісі үшін шикізат ретінде жергілікті ІҚМ терілері пайдаланылмақ, яғни ел аумағын қамту үлесі кемінде 60%-ды құрайды. Компания мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда тамақ, косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіп кәсіпорындары өз өнімдерін өндіру үшін желатинді тек шетелден алдыртады, сондықтан Алматыда зауытты ашу отандық өндірушілерге сапалы шикізаттың қолжетімді болуына мүмкіндік береді.