"Jas Otan тек қана флешмоб үшін" деген көзқарас өзгереді – Мәди Ахмет
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жастар жылы аясында жасалып жатқан қолдаулар көп. Жақында ғана "Жас генерейшн" форумы өтті. Оған қаладағы белсенді 400 жас қатысты.
Олардың барлығы соңғы жылдары ішінде партиялық жобаларға белсене қатысқандар. Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, ардагерлерге көмек көрсеткендер. Бұл туралы Jas Otan жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахмет сұқбат барысында айтты.
- Биылғы "Жастар жылы" аясында атқарған істеріңіз жайлы айтып берсеңіз?
- Жыл басынан бері атқарылған істер көп. Жақында қоғамдық жұмыстарға қатысып, белсенділік танытып жүрген үздік Jas Otan мүшелерін марапаттадық. "Жас генерейшн" форумы өтті. Бұл форум жастарға мотивация беру, жігерлендіру, рух беру тұрғысында ұйымдастырылды. Онда төрт жүзден астам белсенді жастың басын қостық. Негізгі мақсатымыз – Елбасының тапсырмасын іске асыру болды. "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы партияның қайта жаңғыруының басым бағытының ішінде жетінші бағыт жастармен бірге жұмыс істеуді күшейту, оның ішінде Jas Otan рөлін арттыру, оны жастардың негізгі шоғырландыру ұйымына айналдыру қажеттігін айтқан болатын. Соның аясында біз осы форумды өткізіп, ең үздік жастардың басын қостық.
- Осы форум жайлы айтып берсеңіз, оған кімдер қатысты, кімдер сөз сөйледі?
- Ол форумға ең мықты спикерлерді шақырдық, оның ішінде Синергия университетінің негізін қалаған, меценат, бизнесмен Бауыржан Қасым және тағы басқа белгілі тұлғалар болды. Оған қоса әр бағыт бойынша мамандар келіп өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Өзім Jas Otan жастар қанатының Алматы филиалының осы тоғыз ай ішінде атқарған негізгі жобалары жайлы ақпарат беріп өттім.
- Форум аясында марапатталған жастардың еңбегіне тоқталып өтсеңіз?
- Жастыр жылы аясында "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы іске асырылып келеді. Бұл тек қазан айында ғана емес, жыл бойы жүргізілетін жоба. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып көмек көрсеттік. Аулаларын тазалап, үй шаруаларына көмектесу, қал жағдайларын біліп отыру сияқты волонтерлік жұмысты да тиянақты жүргізіп келе жатырмыз. Міне, осындай істерге белсене араласып, өздерін жақсы қырынан танытқан жастар да марапатталды.
- Қазіргі таңда Jas Otan қандай бастамаларды қолға алып жатыр. Жобаларыңыз, алдағы жоспарларыңыз жайлы айта отырсаңыз?
- Әрине, кез келген ұйым қалыптасу сәті болсын, бастапқы сәті болсын түрлі кезеңдерден өтеді. Бірақ бұрыннан қалыптасып қалған Jas Otan тек қана флешмоб үшін, футболкалар мен жалаушаларды ұстап, ұрандату үшін деген стреотипті біз қазір бұзып, нақты істермен, нақты жобалармен жастарды өзімізге шақырып, көздеген жобаларды іске асырып жатырмыз. Алдағы "Волонтерлер жылына" да дайындық бастап кетті. Кеше Үкімет отырысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та "Волонтерлер жылына" деген дайындық барысын айтып өтті. Сонымен қатар, биылғы "Жастар жылында" атқарылған жұмыстың есебі де берілді.
"Осы жылдың он айы шамасында не атқарылды?" дегенді қорытындылайтын болсақ, жалпы бастапқы индикаторлардың барлығы толыққанды орындалды деп айтуға, әрине, әлі ерте. Көптеген бағыт бойынша жұмыстар жасалды, бірақ келер жылға ауысатын, жалғасын табатын жобалар да бар. Jas Otan жастар қанаты еліміздегі ең үлкен жастар ұйымы. Негізін Елбасы өзі қалаған. 10 жылдан астам тарихы бар, әрбір аймақта, әрбір қалада өзінің филиалдары жұмыс істеп жатыр. Биыл сәуір айынан бастап, Алматы қаласында Республикада алғаш рет әлеуметтік бағытқа негізделген "Қамқоршы" атты үлкен жобаны іске қостық. Негізгі мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларында тәрбиеленіп жатқан бауырларымызды, іні-қарындастарымызды жұма, сенбі, жексенбі күндердегі уақытын тиімді өткізуіне бағытталған. Сәуір айынан қазірге дейін әр аудан бойынша мыңнан астам жастарды кинотеатрға, циркке, театр қойылымына, боулинг ойындарына, экскурсияларға тегін апарып, танымдық жұмыстарын жүргіздік.
Сонымен қатар, биылғы "Жастар жылы" аясында Алматы қаласында Республикаға үлгі болатын үлкен "Jas Otan коворкинг" орталығын аштық. Оның жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Негізгі мақсаты - жастардың басын бір платформада біріктіру, тегін қызмет көрсету. Бес бөлімнен тұратын коворкинг орталығы қазіргі таңда қызметін күшейтіп, жұмыс жасап келе жатыр.
Сондай-ақ, жақын арада Jas Otan жастар қанаты Елбасының тапсырмасы аясында республика деңгейінде "Таза сессия" атты акцияны өткізді. Ол жастар арасында, әсіресе студенттер арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған. Ол бағыт бойынша қаладағы сегіз ұлттық университет те анонимді сауалнама жүргіздік. Оның қорытындысы жақын арада республика бойынша жария етілді. Бұл жастар арасында жемқорлықты болдырмауға бағытталған шара. Одан бөлек, Алматы қаласының шеткі аудандарында Бақытжан Сағынтаевтың ұсынысымен базарларда кеңес орталықтарын аштық. Онда базарларда жұмыс істеп жатқан жастарымызға мемлекеттік органдардың қызметкерлері әр сала бойынша тегін кеңестер береді. Жастар әкімдікке, халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруға күнделікті шаруадан босай бермейді. Сондықтан әр аптаның бейсенбі күнінде біз сол сауда орындарында жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреміз. Бастапқыда мұндай орталық Алатау ауданында ашылса, қазір қаланың сегіз ауданындағы сауда орталықтарында жұмыс істеп жатыр. Бұл да қаладағы Жастар қанатының атқарған үлкен жұмысының нәтижесі.
- "Таза сессия" акциясына жастардың қатысу белсенділігі қандай дәрежеде?
- Қандай бастама болмасын жастардың қатысу белсенділігі жоғары. "Таза сессия" акциясы аясында қаладағы университеттердің барлығына "сенім жәшіктері" орнатылып жатыр. Алматы - жастар қаласы. Мұнда 39 университет, 95 жатақхана бар. Осы айдың ортасына дейін қаладағы барлық университеттің ғимараты мен жатақханаларына "сенім жәшігі" орнатылып бітеді. Қазіргі уақытта қаладағы 10-нан астам университетте сенім жәшіктері орнатылып болды. Бұл сыбайлас жемқорлықтың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды "Волонтерлер жылы" деп жариялауды тапсырды. Осы бағытта қандайда бір шаралар қолға алынды ма?
- Әрине, келе жатқан "Волонтерлер жылына" да дайындықты бастап кеттік. Қала бойынша "Алматы волонтирс" атты үлкен жобаны қалалық Қоғамдық даму басқармасымен бірге қолға алып жатырмыз. Бұл жоба Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Жоба аясында қаладағы волонтерлердің онлайн базасын құру, онлайн жүйені қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ресми сайты ашылды. Алда атқаратын жұмыс та, проблема да жетеді. Біз ол бағыттар бойынша жұмысымызды күшейте береміз.