Тек пайданы ойламай, киноның сапасына мән беру қажет – Бектенов

Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ға өсті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сөз басында Үкімет басшысы креативті тауарлар мен қызметтердің әлемдік экспорты 250 млрд доллардан асып түскенін айтты.
G20 Insights зерттеу компаниясының болжамына сәйкес 2030 жылға қарай креативті экономиканың үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 10%-ын құрауға тиіс. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында креативті индустрияны дамытуды қолдау шараларының топтамасын әзірлеуді тапсырған болатын, – дейді Олжас Абайұлы.
Бектеновтың айтуынша, бүгінгі таңда тиісті заңнамалық база қабылданды. Іске асырылған шараларның нәтижесінде еліміздегі креативті экономика 2019 жылдан бері 3 еседен астам өсті.
Алайда оның Жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі салыстырмалы түрде әлі де төмен деңгейде – 1% шамасында. Сонымен қатар кейбір "шығармашылық" салалардың өсу қарқыны жекелеген өндірістік секторларға қарағанда жоғары болып отыр. Былтыр компьютерлік ойындарды әзірлеу саласы жалпы қосылған құнға шамамен 460 млрд теңге қомақты үлес қосты.
Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ға өсті. Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндірістің туындысы болды, – дейді ол.
Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті.
Құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды. Жобалардың санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек.
Ал жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады.
Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды, – дейді Премьер-министр.
Бектенов түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін "е-кино" платформасын жедел іске қосу керегін атап өтті.
Сондай-ақ "е-Архив" ақпараттық жүйесін одан әрі дамытуға баса назар аударған жөн. Ол құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, архив жұмысының тиімділігін арттырады.
"е-Архив" деректерін "Батырларға тағзым" онлайн-платформасымен үйлестіру жұмыстарын аяқтау қажет. Қолымызда бар тарихи құжаттардың бәрін ұлттық цифрлық архив базасында сақтап, қолжетімді етуіміз керек. "е-кітапхана" жүйесінде қазірдің өзінде классикадан бастап заманауи басылымдарға дейінгі кітаптарды оқуға мүмкіндік бар, – дейді Үкімет басшысы.