Тек орыс тілінде жазылады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімді ратификациялау қаралды.

"Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы Сенаттан қолдау тапты.
Келісімге 2019 жылдың 15 сәуірінде Ташкент қаласында қол қойылды. Бұл құжат заңсыз көші-қонды анықтауға, реттеуге, азаматтық құқықтық мәртебесін шешуге көмектеседі. Біріккен жедел профилактикалық іс-шараларды іске-асыруға көші-қон саласында ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, - дейді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, былтыр Өзбекстаннан елімізге 1 млн адам келіп, оның жартысы уақытша жұмыс істеген.
Статистика бойынша 2019 жылы еліміздің шекарасына 6 млн адам кірген. Оның ішінде 2,5 млн адам Өзбекстан азаматы. Олардың 1,5 млн-ы транзит арқылы басқа елдерге кеткен, қалған 1 млн-ы елімізде тіркелген, 500 мыңы уақытша жұмыс істегендер. Сондай-ақ осы келісім арқылы қос азаматтықты жойып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Негізі екі мемлекеттің заңында да қос азаматтыққа жол жоқ,- дейді министр.
Бір қызығы, бұл келісім бойынша екі ел арасындағы ынтымақстық мәселелері тек орыс тілінде жүргізіледі. Оны депутаттарда байқаған.
Аталған келісімнің 12-бабында ынтымақтастық, іс-әрекеттер орыс тілінде жүргізіледі делінген. Осының себебін түсіндіріп беріңізші?, - деді депутат Сансызбай Еңсегенов.

Министр өз жауабында екі жаққа түсінікті болу үшін орыс тілінде жүргізетін болдық деп отыр.
Тәжірибе бойынша осындай келісімдер орыс тілінде жазылады. Негізі өзбек-қазақ тілінде жазылса, екі жақ бір-бірін түсінбес еді. Оған аудармашы керек. Сол себепті сыртқы істерді жүргізудің регламенті бойынша келісімдер  тек орыс тілінде жазылады, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы