Тек аударымдар емес: Қазақстанда күмәнді қаржы операцияларына бақылау күшейтіледі
Реттеуші қаржы ұйымдарын күмәнді операцияларға қатысты тексеруді күшейтуге міндеттемек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғалардың ақша аударымдары мен күмәнді операцияларына бақылауды күшейтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Банктер клиенттерге жоғары тәуекел деңгейін жиірек тағайындап, оларға қатысты тексеруді күшейтуге міндеттеледі. Тиісті қаулы реттеушінің сайтында жарияланған.
Атап айтқанда, жеке тұлғалардың ақша аударымдарына бақылау күшейтіледі. Әсіресе, шығыс операциялары – мысалы, жеке тұлғалар арасындағы аударымдар жүргізілетін, бірақ «күнделікті» төлемдер (коммуналдық қызметтер, салықтар және басқа да тұрақты шығындар) жоқ шоттар ерекше назарға алынады.
Қазақстан банктері мұндай шоттарды автоматтандырылған жүйелер арқылы бақылап, терең талдау жүргізуге міндеттеледі. Егер шотта ақша қозғалысы бар да, бірақ тұрмыстық төлемдер байқалмаса, қаржы ұйымы клиенттің операцияларын талдап, қажет болған жағдайда оған жоғары тәуекел деңгейін беріп, күшейтілген тексеру шараларын қолдануы тиіс.
Клиенттердің әрекеті тұрақты бақылауда болады
Тағы бір айта кететін жайт, автоматтандырылған жүйелердің рөлі артады. Оларды пайдалану ішкі бақылаудың міндетті талабы ретінде бекітіледі. Қаржы ұйымдары тек деректерді сақтап қана қоймай, клиенттердің операциялары мен мінез-құлқын үнемі бақылап отыруы керек. Яғни тек шот ашу кезінде тексерумен шектелуге болмайды.
Сондай-ақ қаржы ұйымдары арасындағы дерек алмасу кеңейтіледі. Олар басқа қаржылық мониторинг қатысушыларынан клиенттер туралы мәлімет алып, оны тексеру және досье қалыптастыру үшін пайдалана алады.
Бұдан бөлек, құжатта клиенттердің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі нақтыланған. Қаржы ұйымдары тәуекел деңгейін тек белгілеп қана қоймай, оны операциялар мен жаңа мәліметтерді ескере отырып, тұрақты түрде қайта қарап отыруы тиіс.
Сонымен бірге егер клиенттің операциялары күмән тудырса, қаржы ұйымдары қызмет көрсетуден бас тартуға немесе оны тоқтатуға құқылы болады.
Қашықтан қызмет көрсету кезінде тексеру күшейеді
Клиенттерді сәйкестендіру талаптары да қатаңдатылады. Шотты қашықтан ашу кезінде қаржы ұйымдары жеке тұлғаны растаудың бір немесе бірнеше тәсілін қолдана алады: электронды қолтаңбадан бастап биометрияға дейін, сондай-ақ мемлекеттік дерекқорлармен салыстыру жүргізіледі.
Кей жағдайларда, мысалы шотты онлайн ашқанда, телефон нөмірін ауыстырғанда немесе шетелдік нөмір қолданылғанда, биометрия арқылы екі факторлы сәйкестендіру қарастырылған.
Бұл ретте қашықтан қызмет көрсету туралы шешімді қаржы ұйымы клиенттің тәуекел деңгейін ескере отырып қабылдайды.
Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Ал нормалардың бір бөлігі 2026 жылғы 12 шілдеге дейін өтпелі кезеңде қолданылады. Бұл жүйелерге қол жеткізу және автоматтандыру талаптарына қатысты.
Атап айтқанда, комплаенс қызметінің барлық жүйелер мен деректерге толық қол жеткізуі, AML-процестерді (қаржы ұйымдары күмәнді операциялар мен клиенттерді анықтау үшін қолданатын жүйе) толық автоматтандыру, сондай-ақ клиенттер туралы деректерді жедел алмасу нормалары уақытша жеңілдетілген түрде іске асады. 12 шілдеден кейін бұл талаптар толық көлемде күшіне енеді.