Техқабат пен жертөле сатылып жатыр: Сенатор дабыл қақты
Бекбол Орынбасаров үйдегі ортақ мүлікті заңсыз басып алу жөніндегі жүйелі заң бұзушылыққа назар аударды.
Сенатор Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында тұрғын үй қатынастары саласында қордаланған жүйелі мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, заң бұзушылықтар кең таралып барады және көбіне көпқабатты үйлердегі ортақ мүлікті заңсыз иеліктен шығару мен жеке мақсатта пайдалану жағдайларымен байланысты. Депутат техникалық қабаттар мен жертөлелерді кейіннен сатып жіберу немесе өз бетінше қайта жабдықтау деректері жиілегенін атап өтті. Мұндай әрекеттер қолданыстағы заң талаптарын да, тұрғындардың құқықтарын да өрескел бұзады. Сонымен қатар жобалық құжаттарға қайшы келсе де, кей жағдайда жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен бұл нысандарды тұрғын үйге немесе коммерциялық мақсаттағы орынға айналдырып, заңдастыру тәжірибесінің қалыптасуы алаңдаушылық тудырып отырғанын айтты.
Бұл меншік иелерінің маңызды инженерлік желілерге, сорғы станцияларына және жылу қондырғыларына қол жеткізе алмауына әкеледі. Мұндай әрекет ғимараттарды пайдалану қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, төтенше жағдайлар мен төтенше жағдайдың туындау қаупін бірнеше есе арттырады. Соның нәтижесінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, заңсыз қайта құру тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде қарастырылмаған коммуникацияға артық ауыртпалық туғызады, - деді сенатор.
Сенатор техникалық үй-жайларды заңсыз иемдену, кейін оларды заңдастырып, сатып жіберу фактілері туралы ТКШ иелері қауымдастығы басшысының хатына сүйене отырып, мәселенің қаншалықты кең таралғанын нақты мысалдармен дәлелдеді.
Оның айтуынша, тұрғындардың жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураға жасаған шағымдары көп жағдайда нәтиже бермей жатады. Осындай себептермен азаматтар мәселені шешу үшін республикалық деңгейдегі органдарға жүгінуге мәжбүр болып отырғанын депутат ерекше атап өтті.
Мұндай келісімшарттарды жарамсыз деп тану және техникалық қабаттарды, жертөлелер мен паркингтерді сот органдары арқылы кондоминиумға қайтару үшін прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдау маңызды. Меншік иелері жиналыстарының хаттамаларын бұрмалағаны және ортақ мүлікті заңсыз иемденгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы мәселені қарастыру керек, - деді сенатор.