“Техникамыз күйді”: Алматының бір бөлігінде кешеден бері жарық жоқ
Алатау ауданының бір бөлігінде кешегі кешкі уақыттан бері жарық жоқ. Әбігерге түскен тұрғындар лифтте қалып қойғандықтарын, техникаларының күйгенін айтып, шағымдарын айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жарық кеше шамамен 19:00-де Ақбұлак, Алғабас, Ақкент, Саялы, Теректі, Ғажайып, Көксай, Нұркент, Дарабоз, Зерделі ықшам аудандарында, сондай-ақ Райымбек даңғылы – Момышұлы – Мөңке би көшелері арасындағы аумақта өшкен. Түнге қарай Дарабоз, Көк Қайнар, Зерделі, Саялы тұрғындарына электр қуаты қайта қосылған. Алайда өзге ықшам аудан тұрғындары әлі жарықсыз отыр.
Нұркент ықшам ауданы тұрғындарының айтуынша, жарық тура тұрғындар жұмыстан үйлеріне қайтып жатқан кезде өшкен. Сол сәтте үйлерде 10-ға жуық адам лифттерде, оның ішінде 8 жасар бүлдіршін өзі жалғыз қалып кеткен.
Жарықтың болмауына байланысты ыстық су мен жылыту жүйесі жұмыс істемей тұр, бұл әсіресе суық күндері аса қауіпті. Үйлерде балалар, зейнеткерлер және отбасылар тұрады, олар пәтерлерде жылусыз отыруға мәжбүр. Сонымен қатар үйлерімізде электр плиталары орнатылғандықтан, тұрғындар тамақ дайындай алмай, су қайната алмай отыр – тұрмыстық өмір толықтай тоқтап қалған жағдай, – деді Нұркент ықшам ауданының тұрғыны Альбина.
Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше мәрте аудандық әкімдікке және тиісті қызметтерге жүгінген, алайда ешқандай реакция жоқ, ал электрмен қамтуды қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылданбаған немесе нәтиже бермей отыр. Тұрғындар белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатыр.
Осы мәселеге байланысты қала әкімдігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.
“2025 жылғы 13 қарашада ТЭЦ-2 аймағында 110 кВ №124А және №101А электр беру желілерінің апаттық ажыратылуы тіркелді. Оқиға салдарынан бірнеше ірі қосалқы станциялар – ПС-162А “Алғабас”, ПС-169А “Ақбұлак” және ПС-123А “АТЭЦ-2” – уақытша тоқтан ажыратылды. Апаттың әсері Алматы қаласының Алатау ауданындағы тұтынушыларына әсер етті. Электрмен жабдықтау бірқатар шағынаудандарда уақытша тоқтатылды.
Әкімдік мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде апаттық-қалпына келтіру бригадалары жіберілді. Мамандар апаттың себебін анықтау жұмыстарын бастап, электрмен жабдықтауды кезең-кезеңімен қалпына келтіру іс-шараларын жүргізуде.
14 қараша, 00:12-де ПС-110/10 кВ №169А “Ақбұлак” 110 кВ №101А желісі арқылы қайта қосылды. Қазіргі уақытта мамандар Нұркент, Ақкент, Алғабас, Теректі, Көксай шағынаудандарын электрмен қамту жұмыстарын жалғастыруда. Энергиямен жабдықтау толық көлемде қалпына келтірілгенге дейін апаттық-қалпына келтіру әрекеттері тоқтаусыз жүргізіледі, – деді әкімдікте.