Тегін ыстық тамақ, стипендия, мектеп: Қазақстан жаңа оқу жылына дайын ба
1 қыркүйекке дейін санаулы күн қалды. Еліміздегі 7 600-ден аса білім мекемесінде 3,9 млн-ға жуық бала оқуды бастайды. Ал 1-сыныпқа 380 мың оқушы келеді. Осы ретте еліміздің мектептері жаңа оқу жылына дайын ба? Өңірлерде қандай жұмыс жүргізілді? Ел мектептері мен колледждерінің жаңа оқу жылына қаншалықты дайын екенін осы мақаламыздан оқи аласыздар.
Мектептер бала қабылдауға дайын ба?
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан еліміздегі білім беру мекемелеріне жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысын айтып берді.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Барлық дайындық жұмысын сапалы жүргізуіміз керек. 1 қыркүйектен бастап 7 700-ге жуық білім беру ұйымында 3,9 млн-ға жуық бала білім алады. Жыл сайын мемлекеттік бюджет есебінен әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіліп келе жатыр. Биыл 460 мың бала үшін 65,8 млрд теңге қарастырылған. Алайда бұл жұмыстар Маңғыстау облысы әкімдігінде өте төмен деңгейде жүргізіп жатқанын байқап отырмыз, - деді вице-министр.
Бүгінгі күнгі ақпарат бойынша Маңғыстау облысында балалардың 62%-ына көмек көрсетілген.
Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау үшін барлық облыс әкімдері тиісті қаражат бөлді. 1 қыркүйектен бастап 1,4 млн бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. Қазіргі күні барлық өңір бұл жұмысты тиісті деңгейде атқарып жатыр.
Оқушылар мен ұстаздарға тиісті жағдай жасау мақсатында 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекке 194 мектепте күрделі жөндеу аяқталады. Қалған 66 мектепте бұл жұмыстар тиісті мерзімінде аяқталады, - деп айтты Еділ Оспан.
Сонымен қатар жүргізілген мониторинг барысында министрліктің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу мерзімдерінің өзгеру тәуекелдерін анықтады.
Мектеп құрылысы мәселелері бойынша 1 қыркүйекке дейін 65,6 мың орынға арналған 52 мектеп іске қосылады. Жыл соңына дейін 66,4 мың орынға арналған тағы 102 мектеп ашылады деп күтіліп отыр. Бұл апаттық 12 және үшауысымды 29 мектептің мәселесін шешеді, - дейді ол.
Вице-министр берген мәліметке сәйкес, 3 өңірде мектептерді іске қосу мерзімдерінің кешіктірілу тәуекелдері бар. Олар Астана қаласы, Түркістан және Қостанай облыстары. Бұл өңірдің әкімдіктері бақылау жұмыстарын күшейтуі қажет.
№1 мәселе - қауіпсіздік
Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілді, - деді вице-министр Еділ Оспан.
Олар:
- мектептерді ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу.
Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес бұл көрсеткіш 22 тамызда 98% болды. Алайда Ақмола, Ақтөбе және Атырау облыстары әкімдіктері бұл жұмысты баяу жүргізіп жатыр. Олар бұл жұмысты 1 қыркүйекке дейін толық аяқтауы қажет.
- лицензияланған күзет агенттіктерімен жасалған келісімшарт.
Қазіргі уақытта мектептердің 98%-ы бұл бағытта жұмыс жүргізді. Дегенмен Атырау, Түркістан және Алматы облыстарында бұл бағытта жұмыстарды әлі де жеделдету қажет екенін көріп отырмыз.
- дабыл түймелер.
Мектептердің 98%-ы дабыл түймелерін орнатты. Бірақ Атырау, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарының әкімдіктері бақылауды күшейтуі қажет.
Колледж студенттерінің стипендиясы өседі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл техникалық-кәсіптік білім беруге мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары белсенді атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда 133 мың грант бөлінді. Оның 60%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап барлық колледж студенттерінің стипендиясы былтырмен салыстырғанда 50%-ға артады, - деп айтты Оқу-ағарту вице-министрі.
Яғни 21 мың теңгеден 32 мың теңгеге дейін өседі.
Бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мақсатында міндетті жұмысқа орналастыру талабымен кәсіпорындардың өтінімі бойынша 10,2 мың орындық нысаналы мемлекеттік гранттар орналастырылды.
Бүгінгі таңда колледждерге құжат тапсыру кезеңі белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта Атырау, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмысты арттыру қажеттігі байқалады.
Өңірлер оқу жылына неге дайын емес?
Атырау облысы
Атырау облысы Білім басқарамасы басшысы Ерлан Талғатбекұлы жаңа оқу жылына қандай дайындық жүргізіліп жатқанын айтты.
Өңірімізде 148 мектеп турникетпен, дабыл түймелерімен, арнайы күзетпен және бейнебақылаумен 100% қамтамасыз етіледі деп күтіліп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен маусым айында 1,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу аяқталды. Кәсіптік-техникалық білім беру мәселесі бойынша кәсіпорындармен байланысты нығайтамыз, - деді ол.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі қауіпсіздік мәселесі 1 қыркүйекке дейін 100% шешілуі керегін тапсырды.
Ақмола облысы
Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин жөндеу жұмыстары неліктен бітпей отырғанын айтты.
Өңірімізде 5 мектепте 1 қыркүйекке дейін күрделі жөндеудің бітпеу қауіпі бар. Ол бірнеше мәселелерге байланысты туындаған жағдай. Атап айтқанда, техникалық қадағалаудың кеш шығуы және жобалау-сметалық құжаттаманың жұмыс барысында өзгеруі. Қазір жөнделіп жатқан мектептердің көбіне 50-60 жыл болған. Жөндеу кезінде жаңа жұмыстар пайда болып, оларды ретке келтіріп жатырмыз. Оған тиісті қаражат бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама қайта қаралды, - деп айтты ол.
Білім басқармасы басшысы осындай салдарлардан жаңа оқу жылына 5 мектеп дайын болмауы мүмкін екенін атап өтті.
Бірақ ол мектептің барлығында 1 қыркүйекте оқу басталады. Онда оқитын оқушыларды жанындағы мектептерге апарамыз. Кей мектепте жұмыс қыркүйектік ортасында бітсе, тағы бір мектепте жөндеу жұмыстары айдың аяғында аяқталады. Бейнебақылау жұмыстарына қаражат бөлінген. Қазіргі күні оны мектептерге орнату жұмыстары және мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Бұл жұмыстар қыркүйек айының ішінде аяқталады, - деп түсіндірді Шоқан Оразалин.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ақмола облысы Білім басқармасы басшысына мерзімінде жөндеу жұмыстары аяқталмайтын мектептерге басқарма тікелей жауапты екенін ескертті.
1 қыркүйек күні балалардың көңіліне кірбің түсірмей, оқу жылын көңілді бастауына бар жағдайды жасауды тапсырамын, - деді министр.
Павлодар облысы
Павлодар облысы Білім басқармасы басшысы Самал Айтказина жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталатынына сендірді.
Өңірімізде тәуелдер бар. Бірақ күнделікті кестесін барып қарап жүрміз. Оның ішінде ауылдық та, қалалық та мектептер бар. 1 қыркүйекке жұмысты аяқтап үлгереміз, - деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысы
Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Назыр Жәшібеков жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтты.
48 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Осы мақсаттарға 4,3 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 19 білім беру нысаны бойынша жұмыстар аяқталды. Тағы 27 нысанда жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Қалған екі мектеп бойынша жұмыстар 67%-ға орындалды. Қалған жұмыстары 1 қыркүйекке дейін бітіреміз. Бұл екі мектеп жеке бақылауымда тұр, - деді басқарма басшысы.
Астана қаласы
Астана қаласы Білім басқарамасы басшысы Қасымхан Сенғазыев те 1 қыркүйекте 4 мектеп іске қосылатынын айтып, дайындық жұмыстарына тоқталды.
Астана қаласында 14 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 11-і биыл тапсырылады. 1 қыркүйекте 4 мектеп беріледі, қалған 7 мектеп жылдың аяғына дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Құрылыс қала әкімінің жеке бақылауында, - деді ол.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылын ойдағыдай бастау керегін айтып, мектептердегі жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтау өңірдің басқарма басшыларының мойнында екенін ескертті.
Мектептердің, білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығына баса назар аудару керек. Барлық өңірде оқушыларды оқулықтармен 100% қамтамасыз ету керек. Биыл алғаш рет республика бойынша 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселесі қолға алынып отыр. Бірақ бірнеше өңірде асханасы жоқ мектептер бар екенін көріп отырмыз. Бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар берілді, - деп айтты еліміздің бас ұстазы.
Министр өңірдегі білім басқармасы басшыларына сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Ыстық тамақпен қамту есеп беретін емес, балаларға пайдалы іс-шара болуы керек. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздік мәселесі өзекті. Бейнебақылау, күзетке баса мән беру керек. 1 қыркүйек – еліміз, оқушыларымыз, ата-аналарымыз және мұғалімдер үшін атаулы күн. Сондықтан оқу жылын табысты әрі мұқият бастауымыз маңызды, - деді министр білім басқармасының басшыларына.