"Тегін тамақ, киім, жатын орын". Қазақстандық түрмеге түсу үшін қасақана қылмыс жасады
Ақмола облысының Аршалы аудандық соты терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген ер адамды екі жылға бас бостандығынан айырды. Ол түрмеде тегін тамақ пен киім болатынын көздеп әдейі осындай қадамға барғанын мойындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аршалы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша ер адамға қатысты қатысты іс қаралды.
Белгілі болғандай, 2025 жылдың тамыз айында мал бағатын бақташы болып жүрген ер адам "112" нөміріне қоңырау шалып, Астана қаласындағы автовокзалға жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған.
Оқиға орнына уәкілетті қызметкерлер жіберілгенімен, ақпарат расталмады.
Тергеу барысында ер адамның 2019 және 2023 жылдары да дәл осындай қылмыс жасағаны және ол үшін сотталғаны анықталды.
Сотта ол кінәсін мойындап, бұл әрекетке қазіргі уақытта тұрақты тұратын жері болмағандықтан барғанын түсіндірді. Оның айтуынша, түрмеде тегін тамақ, киім және жатын орын қарастырылғандықтан, әдейі қылмысқа барған. Сот ер адамның бұрын да осыған ұқсас құқық бұзушылық жасағанын ескеріп, оны қайтадан жауапқа тартты. Үкім бойынша ол екі жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды, - деп жазылған сот хабарламасында.