“Тегін сыйлықтар” миллиондаған несиелерге ұласуда
Қостанай облысында “тегін сыйлықтар” алып, миллиондаған несиеге тап болған тұрғындар көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қостанай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне массаж жамылғыларын сатып алу кезінде ақшаны қайтаруға қатысты сотқа дейінгі талап-арызды рәсімдеуге көмек сұрап жүгінген тұрғындар саны көбейген.
Белгілі болғандай, көшеде белгісіз адамдар оларға әртүрлі сыйлықтары бар "ұтыссыз болмайтын лотереядан" конверт таңдауды ұсынады. Сыйлықтардың қатарында шаңсорғыш, үтік, микротолқынды пеш және тағы басқа тұрмыстық техникалар бар. Содан кейін ұтысты алу үшін тұрғындар қаланың мейрамханалары мен дәмханаларына шақырылады.
"Оларға "тегін" сыйлықтар табысталған жерде қосымша массаж жамылғылары таныстырылады. Презентация барысында акция ұйымдастырушылары, егер тұтынушыда қолма-қол ақша болмаса, бірден Kaspi немесе Халық банк қосымшалары арқылы несие рәсімдеп береді. Сонымен қатар сатушы мен сатып алушы арасында шарт жасалып, несие кредиттік тарихына байланысты әртүрлі мерзімге рәсімделеді. Нәтижесінде "тегін сыйлықтар" акциясы тұтынушыларға шамамен 1 000 000 теңгеден аса шығынға түсуде. Азаматтардың айтуынша, олар тек үйге келген соң ғана қол қойған келісімшарт пен несие рәсімдегенін, әрі массаж жамылғыларын нарықтағыдан бірнеше есе қымбат бағаға сатып алғанын түсінеді, - делінген Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті хабарламасында.
Комитеттің баспасөз қызметі мәлім еткендей, егер сіз осындай жағдайға тап болып, сатушымен шарт жасасып, тауарды несиеге рәсімдеген болсаңыз, Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 14-бабына сәйкес, сатып алушыға тауар берілген күннен бастап 14 күн ішінде ақшаны қайтарып алуға құқығыңыз бар.
Ол үшін сатушыға өз бетіңізше ақшаны қайтаруды талап етіп, сотқа дейінгі жазбаша өтініш жолдау қажет. Өз кезегінде сатушы он күнтізбелік күн ішінде тұтынушының талабына жауап беруге міндетті. Сонымен бірге сіз тауарды және сыйлықтарды сатушыға қайтаруыңыз керек.
Қосымша банкке жазбаша өтініш беріп, сатушының агрессивті маркетинг жүргізетінін, тауарды 100% үстемеақымен сататынын, тіпті тұтынушыларға гипноз элементтерін және эйфория тудыратын химиялық заттарды қолданатынын көрсетуге болады. Банк мұндай сатушыларды адал емес сатушылар тізіміне енгізіп, кейін олардың шоттарын бұғаттайды. Кей жағдайларда шартта көрсетілген заңды мекенжайда сатушы болмайды. Мұндай жағдайда шартты бұзу және ақшаны қайтару үшін сотқа жүгіну қажет, - деленген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде алаяқтар "Сізге сыйлық жіберілді" деген желеумен қоңырау шалып, тұрғындарды алдап жатқаны хабарланған.