Қостанайда тегін медициналық көмекке 37,7 млрд теңге бөлінген
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл басынан бері Қостанай облысындағы денсаулық сақтау ұйымдарына 14 млрд теңге қаржы аударды. Бұл сома тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыруға жұмсалған.
«Халыққа тегін медициналық көмек көрсетілу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 2019 жылдың 8 мамырына дейін 14 млрд теңге аударылды. Бұл – бекітілген келісімшартқа сай соманың 36,2 пайызы», – деді аталған қордың Қостанай облыстық филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетова.
2019 жылы астықты өңірде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыруға 37,7 млрд теңге қаралған. 2018 жылмен салыстырғанда, биылға жоспарланған сома 7,7% көп.
«Жұмысымыз жұртшылыққа тегін медициналық көмек көрсету кестесіне сәйкес жалғасып жатыр. Аударылған қаражат денсаулық сақтау мекемелерінде ота жасау шығындарын жабуға жеткілікті», – деді Сәуле Аймұхамбетова.
Осы жылы облыста 61 медициналық ұйым мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 19-ы – жеке мекеме.
Қоса кетейік, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бері Қазақстан Үкіметі бекіткен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландырушы басты оператор болып саналады.