Тегін деген тәтті сөз

Тегін деген тәтті ғой шіркін! Бірақ қазақ тілінде тегін мағынасында қанша сөз бар екенін ойланып көрдіңіздер ме? «Астана» халықаралық қаржы орталығының аға менеджері, тіл маманы, лингвист-зерттеуші Әділов Марлен Ерланұлы «тегін» қаржы-экономикалық терминінің қанша синонимі бар және олардың түп-төркінін талдап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тегін дегенді жақсы көрмейтін адам жоқ шығар? Бірақ әр тегінде бір гәп бар екенін «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген халық мақалынан ұғамыз. «Құрғақ қасық ауыз жыртар» немесе «Құр алғыс азық болмас» деп те тегін ештеңенің болмайтынын, құр алғыспен құтылып кетудің де жөні болмайтынын ескертеді. Мұнымен сарындас «Бесплатный сыр только в мышеловке» «Спасибо в карман не положишь» «За спасибо шубу не сошьют» деген орыстың тәмсілін жиі естіп жатамыз. Бірақ көбіне осы сөздерге қарама-қарсы «Алтын алма алғыс ал», «Жақсылық еккен алғыс орады» дегендей алғыс алу екі дүние үшін игі амал екенін ескертеді. Бізде деп жеке қаржылық пайдадан гөрі ең алдымен «Батамен ел көгерер» дегендей ең алдымен елден алғыс алуға ұмтылған жөн деп санаймыз.

Бүгінгі тақырыбымызға сәйкес қазақ тілінде «тегін» деген мағынада көнеден келе жатқан бірнеше сөзіміздің түбірін бірге талдап көрейік.

Қазақ тілінде бұл мағынада ең белсенді жұмсалатын тегін– түбі түркі өз сөзіміз. Оның түбірі – «жай, құр, босқа» мағынасындағы тек сөзі. Ал «-ін» жұрнағы көне түркі тілінде септік мағынасын үстейтін қосымша болған. Тілімізде жасырын, астыртын, ұрын бару, қырын қарау сияқты қолданыстарда сақталған. Сонда формуласы осындай болса керек: тек+ін «жайымен, жай ғана, текке». Cөзіміз дәлел ретінде көне түркі мұраларындағы «құр, босқа» мағынасындағы қуруғын сөзінің «-ын» қосымшасының жалғауымен жасалғанын айтып кетсек болады. Тіпті көне жазба жәдігерлерде текин-қуруғын қос сөзі «құр, босқа, бекер» деген мағынада айтылған. Сонда тегін сөзі ең бірінші «құр, босқа, жай» деген мағынасында жұмсалып, кейінірек барып қазіргі мағынаға ие болған деп пайымдаймыз. Тіпті тілімізде әлі де сол мағынасында айтылады емес пе, мысалы, «бұны тегін айтпаған» деген сияқты қолданыстарда бұрынғы семантикасы аңғарылады. Бұған мағына жағынан жақын тегіннен-тегін, су тегін, теп-тегін деген қолданыстар бар екенін жақсы білесіздер.

Сонымен тегін сөзін орыс тілінде тура аударсақ «просто так» деген мағына шығады екен. Тегін сөзі қырғыз бен құмық тілдерінде тэгин және татар мен башқұртшада тиген формаларында қолданылады. Құмық тілінде тіпті Тегин қуйруқ йолда йатмас мақалы біздегі Батпан құйрық жолда жатпайды дегенмен үндеседі.

Айтпақшы, қазақ тіліндегі «ақысыз» деген мағынадағы қай сөзді алсақ олардың барлығы тегін сөзі сияқты «жай, текке, бекер, құр, текке, әншейін» деген сөздерден жасалған. Мысалы:

Қазақ тілінде тек деген түбір күйіндегі форма да қолданылған, қазіргі күні тегін деген туынды тұлғаның жанында пассив сөзге айналған: тек «тегін, ақысыз, ештеңе бермей». Абай өлеңінде тек сөзі «тегін» мағынасында қолданылғанға ұқсайды:

Бай алады кезінде көп берем деп / Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп.

Би мен болыс алады күшін сатып / Мен қазақтан кегіңді әперем деп.

Тек сөзінің алғашқы мағынасы тегін атауы секілді басында «жай, құр, босқа» болып, одан ауыспалы «тегін» мағынасы пайда болған, өйткені көне және ортағасыр жазба мұралары деректеріне жүгінгенімізде, оның алғашқы мағынасын ғана байқадық. Тек сөзінің қазақ тіліндегідей «тегін» мағынасы тек хакас тілінде тик деген фонетикалық нұсқасында сақталды.

Әншейін сөзінің қазақ тіліндегі және жалпы түркі тіліндегі «жайдан-жай, құр бекер» мағынасынан «тегін» мағынасы пайда болған. Әншейін сөзі өте ерте дәуірлерден бері түркі ескерткіштері мен тілдерінде қолданылады. Қазақ тіліндегі әншейін көне түркі тіліндегі «олай, солай, жай, онша, сонша» мағынасындағы анчулайу, анчайынча сөздерімен байланысты. Мұның түбірі көне «а» сөзі. Сонымен бірге тілімізде анша (анша-мұнша), андай, анда, онша, ондай формаларында сақталған. Әншейін деген тұлға түркі тілдерінде үстеу болып таралғанмен, «тегін» деген мағынаға ауысу тек қазақ тілінде байқалады.

Бос сөзінің «іші бос, ештеңе жоқ, еркін, ашық» деген негізгі мағынасынан ауыспалы «тегін» деген мәні пайда болса керек. Екінші жақтан «құр, бекер» мағынасындағы босқа сөзінің қысқарған фонетикалық варианты да болуы әбден мүмкін. Орыс тіліндегі свободно немесе ағылшындағы free сөзінен калька ма десек, мұндай қолданыс бұрыннан бар. Бұл тегін деген танымның әлем бойынша барлығының бірдей ойлауынан пайда болған түсінік деп түсінуге болады.

Бос нұсқасының қазақ тіліндегідей «тегін» мағынасы тек кейбір қыпшақ тілдерінде көрінеді, әсіресе татар мен башқұрт тілдерінде буш/бушлай формалары белсенді сөздер қатарына кіреді.

Жай cөзін де «тегін, ақы-пұлсыз» мағынасында кездестіре аламыз. Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі «Дүкен саған осы азық-түлікті жайға бере ме? Жай берді. Жай алды мысалдары сөзімізге дәлел болса керек. Мұнда да басқа мысалдарда байқалғандай «құр» мағынасындағы жай сөзі ауыспалы «тегін» дегенде ауысқан.

Бекер сөзі «тегін, ақысыз, ақшасыз» деген мағынасы Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде тіркелген. Қазақ әдеби тілде «босқа» деген мағынаға ие болған бекер сөзі қырғыз тілінде біздегі тегін сөзі секілді актив жұмсалады. Сөздің түп төркіні парсы тіліндегі «жұмыссыз, қолы бос, пайдасыз» мағынасындағы бикар بيكار сөзі болса керек. Тіпті түрік тілінде ол сөз «бойдақ» деген мағынаға ауысқан.

Бұл сөздердің барлығы түптеп келгенде «құр, жай, бос» деген мағынадан қазіргі күндегі «тегін» деген мағынаға ауысқан. Орыс тілінде простотак және ағылшынша free сөздерімен жасалуы жағынан бірдей формалар саналады. Бірақ біздегі нұсқалар калька яғни тікелей аударма емес.

Ал ақы мағынасындағы «-сыз» жұрнағы қосылып жасалған сөздердің барлығы бізше жаңа қолданыстар секілді және орысшадан (бесплатно) аударма сөзге ұқсайды өйткені қазақ көшпенділері танымында әсіресе тамақты, ағарған өнімді сатып алу болмаған, сондықтан ақы деген таным қатты сіңбеген болу керек. Кірме сөздердің де осы мағынада көп болуы соның айғағы. Соларға да шолу жасап өтсек:

Ақысыз қолданысы араб тіліндегі хаққ «құқық, ерік; әділет, ақиқат» сөзімен жасалған. Арабша «х/һ» дауыссызымен басталатын кірме сөздер қазақ тілінде сөз басында түсіп қалатыны белгілі: һәм «әм», харекет «әрекет», һүкім «үкім/өкім», һажет «әжет», хақ тағала «ақ тағала», т.б. Сол секілді хаққ сөзі тіліміздің айтылым заңына қарай ақы болып өзгерген. Оған «-сыз» жұрнағының жалғануы арқылы «тегін» деген мағынадағы термин пайда болған. Ақы сөзі жаңа терминдерге де қосылып, төлем мағынасына ие болған: еңбекақы, жолақы, жалақы, төлемақы, сыйақы, т.с.с.

Ақысыз сөзі түрікмен, қарақалпақ, қарашай-балқар, құмық, татар, башқұрт тілдерінде араб тіліндегідей түпнұсқаға жақын формада, яғни хақсыз деп айтылса, қырғызшада қазақ тіліндегідей акысыз тұлғасында айтылады.

Пұлсыз немесе ақысыз-пұлсыз деген қолданысқа келсек, ол парсыша «ақша; мата» мағынасындағы пұл сөзіне (айтпақшы, пұл атауы біздегі «ақша» орнына көрші туыс түркі тілдерінде жиірек жұмсалады) жоғарыдағы жұрнақ жалғануы арқылы жасалған. Қазақ тілінде осы қолданыс тегін және ақыcыз терминдеріне қарағанда сирек кездеседі. Ал қарақалпақ, қырым татар, әзербайжан және түрікмен тілдерінде пулсуз деген термин актив сөздер қатарына кіреді, өзбек тілінде болса «-сыз» жұрнағы орнына «бей» префиксі қосылып бепул деп жұмсалады.

Осы сөздерге мағына жағынан жақын сатусыз, саудасыз, төлеусіз, өтеусіз, борышсыз деген қолданыстар бар, олардың кейбірі жаңа терминдер болса, көбі бұрыннан бар сөздер саналады.

Қорыта келгенде тегін мағынасындағы сөздер біріншіден төлем мағынасындағы сөздерге «-сыз» аффиксі қосулы арқылы жасалады, мысалы ақысыз, сатусыз, төлемсіз, ақысыз-пұлсыз, ақшасыз және т.б. Екіншіден, бекер, құр, жай, әншейін, текке, босқа деген мағынадағы сөздер арқылы пайда болады.

«Тегін» мағынасындағы сөздердің көп болуы біздің тегін деген нәрсені қатты жақсы көреміз дегенді білдіре ме? Әлде жомарттығымызды көрсете ме? Бізше тегін мағынасындағы сөздердің көп болуы біздің соған құмар екенімізді білдіртпейді, өміріміз тұрмыс-салтымызда ақылы деген дүниенің болмағанын, тамақты, ағарғанды тіпті сатпайтынын білдіреді. Керек заттар мен қымбат дүниелерді тегін немесе сый ретінде я болмаса айырбас арқылы берілетіндігін көрсетеді. Бұның барлығы көшпелі өмір дәстүрін жалғастырған қазақтардың кең, жомарт, мәрт, қолы ашық болғанының айқын дәлелі. Тек әлемдегі капитализм секілді өзгерістердің келуімен халқымыз жаңа өмір заңына төселе бастаған да ақылы деген қолданыстар шыққан. Ол терминнің өзі қазақтікі емес, арабтың хаққ яғни біреудің ақысы деген мағынасынан ауысқан.

Талдау авторы PhD Марлен Әділов

авторлық құқықты сақтауларыңызды өтінеміз

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Астана» халықаралық қаржы орталығы
Өзгелердің жаңалығы