Тегін дәрі-дәрмектер қаншалықты қолжетімді?

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бюджеті 30%-ға қысқарды. Өңірде тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Қоңырбаев айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ол атап өткендей, облыста медициналық ұйымдарды қажетті препараттармен қамту тұрақты бақылауда.

Өздеріңіз білетіндей, «СК-Фармация» ЖШС денсаулық сақтау басқармасынан қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға өтінімдер қабылдайды. Олар мемлекеттік сатып алу арқылы сұралған дәрі-дәрмектерді сатып алады. Алайда, кейде жеткізу мерзімі өзгереді немесе қандай да бір препарат болмайды. Осыған байланысты медициналық мекемелердегі дәріхана пункттеріне препараттар уақытылы жеткізілмейді немесе аз мөлшерде ғана алады. Бірақ біз бәріне жеткілікті болу үшін дәрі-дәрмектерді бірден таратуға тырысамыз, - деді Тоқтар Рамазанұлы.

Айта кетейік, облыста тегін препараттарды тарату жұмысымен құрамында 101 дәріхана пункті бар 27 медициналық ұйым айналысады.

Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларында – 15 пункт және ауылдық жерлерде 86 пункт жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін ауылда 40-тан астам дәріхана пункттерін ашу жоспарлануда. Сондай-ақ 242 ауылдық медициналық нысанда медицина қызметкерлері тегін дәрі-дәрмек береді, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ ол дәрі-дәрмекпен қамтамасыз бюджетін 30%-ға қысқарту мәселесіне түсініктеме берді.

Осыған қарамастан біз қажетті препараттарды сатып алуға қосымша өтінімдер беруді жалғастырудамыз. Қалалық және ауылдық дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге келетін болсақ, дәріханалар жекеменшік қолында, сондықтан олар сатып алушылардың сұраныстарына сәйкес дәрі-дәрмектерді толықтырады. Денсаулық сақтау басқармасы бірінші кезекте амбулаториялық қамтамасыз етумен айналысады. Бұл ретте біз сатып алу үшін және жеке дәріханаларға да қажетті дәрі-дәрмектерді жібереміз, - деп нақтылады Тоқтар Қоңырбаев.

Айта кетейік, биыл облыстың медициналық ұйымдары 14,92 млрд теңгенің дәрілік препараттары мен медициналық бұйымдарға қажеттілік барын мәлімдеді.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыстың медициналық ұйымдары амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 84 мың адам 1,7 млрд теңге соманың препараттарымен қамтамасыз етілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 мың адамға артық.

Сондай-ақ орфандық ауруға шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету барысы айтылды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз жұлын бұлшықет атрофиясы бар балаларға арналған бағасы қымбат «Нусинерсен» препаратын сатып алдық. Атбасарда бір нәресте аталған прапаратпен қамтылды, - деп атап өтті Тоқтар Рамазанұлы.

Бұдан басқа, денсаулық сақтау басқармасы облыстық мәслихаттың шешімі бойынша сирек кездесетін ауыр науқас азаматтарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ҚР аумағында тіркелмеген препараттармен қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Өткен жылы 47 пациент қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Өңірде ТМККК немесе МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді алуға қол жеткізе алмай отырған науқастар да шағымдануда. Басқарма басшысының орынбасары науқастар қажетті ақпарат, препаратты алу үшін қайда жүгіну керектігіне тоқталды.

Мұндай мәселелер жергілікті жерде әкімшілік арқылы шешіледі. Шағым беру үшін қажетті органдарға жүгінудің немесе бұл туралы БАҚ-та жазудың қажеті жоқ, 1439 нөмірі бойынша «СК-Фармация» ЖШС call-орталығы, медициналық ұйымдардың жанындағы пациенттерді қолдау қызметтері жұмыс істейді. Осы қызметтерге жүгінген пациенттер белгілі бір мәселені шешуде нақты көмек ала алады, - деп қорытындылады Тоқтар Рамазанұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы