Тегін баспана, 8 млн теңге және грант: Ғалымдарға қандай жеңілдіктер беріліп жатыр?
Қазақстанда жас ғалымдарды қолдау күшейді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі редакциямызға ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстанда жас ғалымдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат соңғы жылдары жүйелі түрде күшейтіліп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Негізгі мақсат – ғылыми кадрларды даярлауға қолайлы жағдай жасау, олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және ғылымдағы жастар үлесін арттыру.
Ведомство дерегінше, “Ғылым және технологиялық саясат туралы” заң аясында ғылыми қызметкерлерді, оның ішінде жас зерттеушілерді қолдау шаралары айтарлықтай кеңейтілген.
Ғылыми кадрларды даярлау үздіксіз жүргізіліп келеді 2025-2026 оқу жылына докторантура бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 2919 орын. Оның ішінде 140 кәсіпорынның тапсырысы негізінде 9 жоғары оқу орнында “индустриялық PhD” бағдарламасы бойынша 110 грант бөлінген.
Халықаралық білім беру мүмкіндіктері де қарастырылған. 2026 жылы шетелдің жетекші университеттерінде докторантурада оқу үшін “Болашақ” бағдарламасы аясында 50 грант бөлінді. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша 149 қазақстандық әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Сонымен қатар Қытай, Венгрия, Латвия және басқа да елдермен жасалған келісімдер аясында 44 докторант академиялық алмасу арқылы білім алып жатыр.
Жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыру тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылғы конкурс қорытындысы бойынша 3000-нан астам ғылыми жоба қаржыландырылса, олардың орындалуына 2000-нан астам жас ғалым тартылған.
Ал 2021-2025 жылдар аралығында гранттық қаржыландыру бойынша 12 конкурс өткізілген. Соның ішінде “Жас ғалым” постдокторантура бағдарламасы аясында 6 конкурс ұйымдастырылды. Жалпы осы кезеңде шамамен 2500 ғылыми жоба қолдау тауып, 5000-нан астам жас зерттеуші қамтылған.
Миллиондаған қаржы және баспана
Ғалымдарды материалдық ынталандыру да күшейтілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін қосымша төлемдер ұлғайтылды. Атап айтқанда, PhD немесе ғылым кандидаты дәрежесі үшін – 17 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 73 525 теңге, ғылым докторы үшін – 34 АЕК (147 050 теңге) көлемінде үстемақы қарастырылған. Ал доцент және профессор атақтары үшін төлем мөлшері тиісінше 42 (181 650 теңге) және 50 АЕК-ке (216 250 теңге) дейін жетеді.
Жыл сайын ғылыми қызметкерлерді марапаттау жүйесі де іске асырылады. Оның аясында 2000 АЕК (8 650 000 теңге) мөлшерінде «Үздік ғылыми қызметкер» бойынша 50 сыйлық және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» бойынша 150 сыйлық беріледі. Сонымен қатар талантты жас ғалымдарға 24 АЕК (103 800 теңге) көлемінде 50 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалады.
2026 жылы аталған марапаттармен 200 лауреат наградталып, 50 жас ғалым мемлекеттік стипендия иегері атанды.
Жас ғалымдарды ғылым саласында тұрақтандыру мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары да қолға алынған. Министрлік мәліметінше, бүгінге дейін жетекші жас ғалымдарға 646 пәтер берілген. Оның ішінде 122 пәтер – Мемлекет басшысының тапсырмасымен өтеусіз негізде, ал 524 пәтер Ғылым және жоғары білім министрлігі мен “Отбасы банк” АҚ арасындағы келісім аясында жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама арқылы ұсынылған.
Ведомство бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жәрдемақы, марапат және қолдау: Қазақстанда аналарға мемлекеттен қомақты ақша беріледі
Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым: Ғалымдардың рөлі қандай?