Тегеранда екіжақты транзиттік әлеуетті дамытудың тетіктері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Қазақстан Республикасы ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғилымов ,  Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жетекшілік еткен қазақстандық делегация құрамы Иран Ислам Республикасы басшылығымен өткен келіссөздерге қатысты, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылылымдық даму министрлігі.

 Тараптар келіссөздер барысында негізінен елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және транзиттік әлеуетті арттыру мәселелерін  талқылады.

 

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев ел Үкіметінің алдына аймақтық сауда айналымы мен мемлекеттер арасындағы көлік дәлізін әртараптандыру туралы тапсырма қойған болатын. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін құрылған делегация құрамына Ауыл шаруашылығы, Энергетика және Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниялары мен «QazTrade» даму институты және «Атамекен» ҰКП басшылары кірді.

Сапар аясында Иран Ислам Республикасының Сауда министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Мұнай министрлігі мен National Iranian Oil Company (NIOC), Көлік және қалалық даму министрлігі басшылығымен кездесулер өтті. Сонымен қатар қазақстандық делегация Иранның Темір жолдары, Ұлттық банк, Сауда-өнеркәсіптік палатасының басшыларымен және бірқатар аймақ басшыларымен іскерлік келіссөздер өткізді.

Иран Ислам Республикасының Бірінші Вице-президенті Мохаммад Мохбермен өткен кездесу барысында қазақстандық тарап «Солтүстік-Оңтүстік» бағыты бойынша Иран арқылы транзитті жүк тасымалын жандандыруды басты назарға алды. Бұл көлік дәлізі Парсы шығанағы және Африка елдеріне, Пәкістан, Үндістан және Түркияға шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған көлік бағыты мультимодальды жүк тасымалын дамытуға септігін тигізеді.

Ирандық тарап елдер арасындағы көлік-логистикалық саласындағы ынтымақтастықты арттырудағы келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мохаммад Мохбер келіссөз барысында қол жеткізілген келісімдер Иран мен Қазақстанның аймақтағы маңызды көлік хабына айналуына мүмкіндік беретіндігін айтты.

Тараптар сауда-саттық саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетіктерін де талқылады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы