Бүгiн 2026, 18:47 Фото: Anadolu Agency

Тегеранда Әли Хаменеиді жерлеу рәсімі өтіп жатыр:

Алайда қаралы жиында жаңа жоғарғы көшбасшы көрінбеді.

Тегеранда Иранның Жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеиді мемлекеттік деңгейде жерлеу рәсімі жалғасып жатыр. Ол 28 ақпанда АҚШ және Израильмен соғыс кезінде қаза тапқан. Бұған дейін әскери қимылдарға байланысты кейінге шегерілген рәсімді Иран билігі ел ішіндегі бірлікті көрсетуге бағытталған шара ретінде өткізіп жатыр.

Қоштасу рәсіміне Иран басшылығының өкілдері, армия қолбасшылығы, Ислам революциясы сақшылар корпусының басшылары, сондай-ақ мыңдаған тұрғын қатысты. Билік мәліметінше, шараның алғашқы күні оған екі миллионнан астам адам келген.

Алайда Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи рәсімге қатысқан жоқ. БАҚ мәліметінше, ол тағайындалғаннан кейін бірнеше айдан бері көпшілік алдына шықпаған және ешқандай үндеу жасамаған. Ал Әли Хаменеидің табытының жанында оның үш ұлы – Мұстафа, Масуд және Мейсам болған.

Рәсім кезінде АҚШ президенті Дональд Трампқа қарсы үндеулер де айтылды. The Guardian басылымының жазуынша, ақын Мұхаммед Расули жаназа намазының алдында сөйлеген сөзінде Трамптан кек алуға шақырған. Оның сөзіне жиналғандардың бір бөлігі қолдау білдірген.

Жерлеу рәсіміне қатысушылар Хаменеидің суреттерін, Иранның мемлекеттік туларын және елде кек алудың символы саналатын қызыл туларды алып шыққан. Жиналғандар арасында «Ешқандай келісім, ешқандай берілу жоқ, тек кек» деген ұрандар да айтылған.

Басылым мәліметінше, мешіт маңындағы көшелер Моджтаба Хаменеидің суреттерімен безендірілген. Қажыларға оның сөйлеген сөздері жинақталған кітапшалар таратылған. Иран билігі жаңа жоғарғы көшбасшы соғыс кезінде жараланғанын, бірақ оның денсаулығына орны толмас ауыр зақым келмегенін мәлімдеді.

Тегерандағы рәсімнен кейін Әли Хаменеидің денесін Кум қаласына, содан соң Ирактағы қасиетті қалаларға жеткізу жоспарланған. Кейін ол туған қаласы Мешхедте жерленеді.