Тегеран маңында апатқа түскен ұшақта қазақстандықтар жоқ – СІМ
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Тегеран маңында жүк тасымалдайтын ұшақ құлап, он алты адамнан тек инженер аман қалды.
«Иранның құзырлы органдарының мәліметіне сәйкес, Тегеран маңында апатқа ұшыраған Boeing 707 жүк әуе ұшағының бортында зардап шеккен және қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ», - делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Иранда 14 қаңтар күні құлаған Boeing 707 ұшағына Бишкектен 30 тонна ет жүктелген. Бұл туралы «Азаттыққа» Бішкектегі «Манас» халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова мәлімдеді.
«Чартерлік рейспен шыққан Boeing 707 ұшағы ирандық әуекомпанияға тиесілі. Қырғызстанға тиесілі емес. Ал 13 қаңтарда «Манасқа» сағат 23.10-а қонған. Ұшақ дүйсенбіде таң атпай сағат 7.16-да ұшып кеткен. Экипажда 16 адам болған. Арасында қырғызстандықтар жоқ», - деп мәлімдеді әуежайдың баспасөз хатшысы.
Тегеран маңында апатқа ұшараған жүк тасымалдайтын Boeing 707 ұшағы Бішкектен шыққан.
Ирандық Fars агенттігінің дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Бішкектен шыққан ұшақ Карадж (Тегеран маңында) қаласындағы Пайам халықаралық әуежайына бағыт алған. Бірақ қателесіп осы қаладағы Фатх әуежайына қонған.
Алдын ала мәлеметтерге сүйенсек, ұшқыш қонған кезде ұшақты басқара алмай, қону жолағынан шығып кетіп, тұрғын үйлер бар ауданға қарай соққан.
Автор: Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ