Бүгiн 2026, 01:29 Фото: depositphotos.com

Тегеран Ормуз бұғазының жаңа режимін заңдастырмақ

Қазіргі таңда тиісті заң жобасы дайындалып, Парламент жұмысы қайта жанданғаннан кейін бірден қарауға енгізілмек.

Иран парламенті Ормуз бұғазы арқылы өтудің жаңа тәртібіне қатысты заңды алдағы уақытта қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ислам Республикасы Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің мүшесі Алаэддин Боруджерди мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өтім тәртібін реттеуге бағытталған жоспардың құқықтық және халықаралық қырлары бірнеше отырыста қаралған. Қазіргі таңда тиісті заң жобасы дайындалып, Парламент жұмысы қайта жанданғаннан кейін бірден қарауға енгізілмек.

Боруджерди бұл құжат қабылданған жағдайда, ол міндетті түрде Үкіметке орындалуға жіберілетінін атап өтті. Сондай-ақ ол Ормуз бұғазы арқылы өтетін төлемдер үшін Иран Орталық банкі түрлі валютада арнайы шоттар ашқанын айтты. Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін есеп айырысу цифрлық риал арқылы жүргізілуі мүмкін екені де хабарланды.

Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызды теңіз өткелі болып саналады, сондықтан мұндағы кез келген өзгеріс халықаралық нарыққа да әсер етеді.