Тегеран Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясын "мюнхендік цирк" деп атады
Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Мюнхен қаласында өтіп жатқан қауіпсіздік конференциясы туралы пікір білдірді.
Аббас Аракчи Мюнхен қаласында өтіп жатқан қауіпсіздік конференциясы туралы пікір білдіріп, шараны "мюнхендік циркке" теңеді. Бұл туралы BAQ.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Иран делегациясына конференцияға қатысуға рұқсат берілмеген. Алайда жиынға 1979 жылы тақтан тайдырылған иран шахының ұлы – Реза Пехлеви қатысқан. Ол бұған дейін Ирандағы наразылықтарға қолдау білдірген.
Әдетте салмақты өтетін Мюнхен қауіпсіздік конференциясы Иран мәселесі көтерілген сәтте “мюнхендік циркке” айналады, — деп жазды Аракчи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ол сондай-ақ Еуропа елдерінің қазіргі таңда Иран ішіндегі жағдайды түсінуде дағдарысқа тап болғанын айтты. Министрдің пікірінше, Еуропейский Союз Таяу Шығыстағы геосаяси ықпалынан айырылған. Сонымен қатар Германия аймақтық саясаттағы бастаманы Израиль жағына толықтай ығыстырды деген көзқарасын білдірді.
Аракчидің айтуынша, қазіргі жағдай ЕО мен "еуротройканың" (Ұлыбритания, Франция және Германия) Иран мен АҚШ арасындағы ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздердегі әлсіздігін көрсетеді.
Сонымен қатар Euronews мәліметінше, сенбі күні Германияда ирандық оппозицияның ірі шеруі өтті. Мюнхенде 200 мыңнан астам адам Реза Пехлевиді қолдап жиналған. Қатысушылар 1979 жылға дейінгі Иран туын көтеріп, ұрандар айтқан. Бұл уақытта қалада әлем көшбасшылары қатысқан қауіпсіздік конференциясы өтіп жатқан.
6 ақпанда Оман аумағында Иран мен АҚШ делегациялары арасында ирандық ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер өтті. Дональд Трамп келіссөздер нәтижелі өткенін және олардың жалғасатынын мәлімдеген. Ал 8 ақпанда Аракчи Тегеран уранды байыту құқығынан бас тартпайтынын, тіпті бұл соғыс қаупіне әкелсе де, өз ұстанымын сақтайтынын атап өтті.