Жамбыл облысында Өтеген батырдың 320 жылдығы атап өтілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Қордай ауданында Өтеген батырдың 320 жылдығы тойланды.
Аудан орталығындағы Өтеген батыр ескерткішінің алдына халық көп жиылды. Қордайлықтар ғана емес, алыс-жақын қалалардан, аудандардан келген қонақтар қаншама. Ескерткіш алдына гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін, барша жұрт іргедегі «Өтеген батыр» атындағы аудандық мәдениет үйіне бет алды. Оның кіреберісінде батырдың Абылай ханнан әкелген әйгілі шұбар тегенесі қойылған."Өтеген Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу өзенінің бойында, Изенді деген жерде дүниеге келген. Жастайынан Іле матайлық Тауасар бидің баласы Қазыбекпен бірге Бұхара, Самархан, Шам, Бағдат, Ыстамбол, Ромға барып тоғыз жыл оқып оралады. Өтеген Төле биден бата алып, Абылай ханның оң тізесін басқан батырларының бірі. Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Қалмақтың Ботхишар, Сабан Тайшық сынды белгілі батырларын жекпе-жекте жер жастандырып, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының бірі болды", - деп жазушы Марал Ысқақбай салтанатты шарада батырдың өміріне тоқталды.
Жиында сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, белгіл меценат Мүсілім Дайырбеков, Алматы облысынан қонақтарды бастап келген Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев, Іле ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдібекұлы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және басқалары сөз алып, батырлық пен елдікті әспеттеудің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығын атап көрсетті. «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпақтары» кітабының тұсаукесері өтті. Сахна төрінде қордайлық жезтаңдай әнші Қарлығаш Қожағазина, Алматы облысы Іле ауданының әжелер ансамблі Өтеген батыр рухына арналған әндерін тарту етті.
Бұдан басқа, ауыл мешіті маңындағы алаңқайда орнатылған ашық сахна мен күрес кілемінде палуандарымыз өзара күш сынасты. Бас жүлдеге су жаңа автокөлік тігілген туйе палуан күресіне еліміздің әр шалғайынан атан жілік, бура санды 28 палуан келіпті. Өзара белдесулерден кейін ақтық сынға төртеуі шықты. Үшінші орын үшін болған күресте 2016 жылы «Қазақ барысының» қола жүлдегері тараздық Айбол Айтбек өткен жылы «Алматы барысы» атанған Дәурен Нұралиновтан басым түсті. Ал, бас жүлдеге таласта біздің облысымыздың палуаны, дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Жақып Дәулетханның жұлдызы жанды. Ол осыдан екі жыл бұрын «Әскер барысы» және «Қазақстан барысы» атанған қызылордалық Еламан Ерғалиевті қапыда қалдырып, «Лада Гранта» темір тұлпарын тізгіндеді.
Ал, отыз үш шақырымдық аламан бәйгеде Алматы облысы Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың атақты жүйрігі «Үшқоңыр» алдына ат салмай келіп, иесіне «Тойота Хайлюкс» көлігін мінгізді. Екінші келген «Ақмоншақ» атты сәйгүліктің иесі «Нива» автокөлігін олжалады. Сондай-ақ, топ бәйге мен құнан жарыста аты озып келгендер де темір көлікті болды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Шорт-тректен Қазақстан құрамасы Қытайдағы ірі турнирге қатысады
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы