Tech Orda аясында 3 мыңнан астам студент IT мамандығы бойынша оқуға кірісті

Қазақстанда 49 жекеменшік IT-мектеп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білікті IT-мамандарды даярлау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Tech Orda бағдарламасы бойынша IT-мамандарды дайындауды бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еске салайық, Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кемінде 100 мың IT-маман дайындау міндетін жүктеген болатын.

Жүз мың ІТ-маманның 20 мыңы ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен Astana Hub базасында әзірленген Tech Orda бағдарламасы бойынша оқитын болады. Министр Бағдат Мусин осы бағдарлама аясында білікті кадрлар даярлауға маманданған отандық жекеменшік IT-мектептерге қолдау көрсетуді тапсырды. Оқыту ұзақтығы 6 айдан 2 жылға дейін созылады. Бұл бағдарлама бойынша ІТ-мамандардың бірінші легі 2023 жылдың ортасына қарай дайын болады, - деді Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.

Tech Orda бағдарламасы Astana Hub айналысатын барлық басым секторларды қамтиды - веб-әзірлеу, 3D-дизайн, бағдарламалық және аппараттық құралдар жасау, мобильді қосымшалар әзірлеу, Big Data, Blockchain және т.б. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Tech Orda бағдарламасы 2021 жылы пилоттық тәртіпте іске қосылып,  Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100 студентті қамтыған болатын. Олардың әрқайсысына 600 мың теңге қаржылай қолдау көрсетілді. 2022 жылдың қыркүйегінде Tech Orda бағдарламасының аясын кеңейту мақсатында ІТ саласына қазақстандық мамандарды дайындауға бөлінетін ваучерлер алу үшін жеке IT-мектептер талапкерлерден өтінім қабылдай бастады.

Жалпы, бұл бағдарламаға қатысу үшін 70 ІТ-мектептен өтініш түсті. Нәтижесінде, тәуелсіз комиссияның шешімі бойынша ІТ саласының түрлі бағыттары қамтылған 146 курс ұсынған 49 ІТ-мектеп іріктелді. Арнайы жасалған алгоритмнің математикалық моделі негізінде осы мектептерге 3 мыңнан астам ваучер таратылды.

Бағдарламаны әзірлеу кезінде Қазақстан Республикасының аймақтарында IT-білім беруді қолдауға ерекше көңіл бөлінді. 2021 жылмен салыстырғанда өңірлік өкілдік айтарлықтай өскені байқалады – ел аймақтарынан 17 IT-мектеп (35%) таңдалды. Соның ішінде Ақтау (1), Ақтөбе (1), Атырау (3), Қарағанды ​​(2), Қызылорда (1) , Павлодар (3), Семей (2), Орал (1), Шымкент (2) қалалары бар.

Мектептер таңдалған IT-мамандықтың ерекшелігі мен әлеуетті үміткерлердің дайындық деңгейіне байланысты бір ай ішінде студенттерді іріктеудің бірнеше кезеңін өткізді. Ваучерге ие болған студенттер тізімі негізінде Astana Hub пен ІТ-мектептер арасында келісім-шарттар жасалды.

Биыл Tech Orda бағдарламасы бойынша оқуға 16  мыңдай өтініш түсті.  Іріктеу нәтижесінде, 3 068 студент ваучерге қол жеткізіп, IT-мамандығы бойынша білім ала бастады.

Tech Orda бағдарламасы бойынша қызметі мен мамандығына қарамастан, Қазақстанның 18-45 жас аралығындағы кез-келген азаматы оқи алады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы