Театр директоры Ержанға дауыс беруде селқостық танытқан көрермендер туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемиров Junior Eurovision-2019 байқауына қатысқан Ержан Максимге дауыс беруде селқостық танытқан көрермендерді сынады.
Бізде біреу құлап қалса, сүрініп кетсе соны талқылайды. Ал жетістіктерді жазбаймыз. Неге олай екенін білмеймін. Junior Eurovision-2019 байқауына қатысып жатқанын бәрі біліп отырды. Бізде селқостық бар. Біреу бірнәрсені түсіріп алсыншы, не құлап қалсыншы соны талқылаймыз. Ал жеңіске қуана алмаймыз. Мұндай нәрсе қоғамда бар және оны жоққа шығара алмаймыз. Ержан жеңісіне өзі қуанғаннан кейін біз де көтеріліп кеттік. Ал негізі реніш те болды, - дейді Маемиров.
Байқауда Ержан Максим орындаған "Арманнан қалма" әнін жазған композитор Хамит Жанғалиев байқауға "немқұрайлы" қараған қазақстандықтарға ренішін білдірді.
Әлемде не болып жатқанын білмейді. Әзіл-қалжыңды көреді. Елімізде болып жатқан жаңалықтарға назар аудармайды. Немқұрайлы қарайды. Басқаларға "дауыс берейік" деп жібергенде "менің дауысым не шешеді" деп айтады. Үстүртін қарайды. "Хабар" арнасынан, БАҚ-тан "Ержан Максимге дауыс берейік" деп қанша айтылды. БАҚ-та бәрі айтылды. Кәсіби қазылар жоғары ұпай берді. Дауыс бермегеніміз – біздің кемшілігіміз. Оны өзіміз шешуіміз керек, - деп айтты композитор.