Қуыршақ театрына қызығушылық артып келеді – театр директоры

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша жеті қуыршақ театры бар. Жақында Семей мен Павлодардың драма театрының ішінен қуыршақ бөлімдері ашылды. Бұған дейін осындай бөлімдер Қызылорда, Қарағандыдан ашылған еді. Бұл қуыршақ театрына деген сұраныстың көбейгенін көрсетеді. 

Бұл туралы Алматы мемлекеттік қуыршақтар театрының директоры Талғат Есеналиев айтты.

1 наурыз Алғыс айту күніне орай Алматы мемлекеттік қуыршақтар театры БАҚ өкілдерімен жүздесіп, 85 жыл толып отырған театрдың жұмысымен таныстырды.

Жиын барысында шеберлер қуыршақтың қалай жасалатынын көрсетіп, шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Ал театр актерлер өздерінің музыкалық қойылымдарын паш етті. 

Театр директоры театр репертуары жылда жаңа қойылымдармен толығып отыратынын айтады.

Бұрын көбінде орысша қойылымдар аударылып келсе, қазір қазақ тіліндегі төл тумалар өте көп. Ол үшін қазақтілді авторлармен жұмыс істеп жатырмыз. ҚР Жазушылар одағымен тікелей байланыс орнатылған, сонымен қатар Қазақ өнер академиясы қазір драматургтерді тәрбиелеуде, солар да жазып жатыр. Жақында Шәмші туралы қойылым сахнаға шығарылады. Бұның алдында Абай спектаклі қойылды, ол негізінен ұлы ақынның қара сөздерінен тұрады. "Мұқағали", "Ана жер – анасы" сынды ересектерге арналған қойылымдар бұрыннан жүріп жатыр, - деді ол.

Сондай-ақ, олар қуыршақ тетарлары арасында тәжірибе алмасу жағы жақсы жолға қойылғанын айтып өтті.

Бұл бағытта жылда театр фестивальдері ұйымдастырылады. Осы жолы наурыздың 19-23 аралығында өтеді. Оған шетелден өнер майталмандары шақырылады, олар қазылар алқасы ретінде қатасып қана қоймай, шеберлік сағаттарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөліседі, - дейді Т. Есеналиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы