Абақты қызметкері азаптаушы емес – Теңізжан Жәнібеков
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жұмыстың оңайы жоқ. Оның үстіне қызметің сотталған тұлғалармен тікелей байланысты болса, тіптен қиындайды. Бұл – менің пікірім. Себебі адам өліміне кінәлі болып бірнеше рет сотталған азаматқа қарауылдық жасауға жүрегім дауаламайды. Әйтсе де, қиындығына қарамастан, еңбек ететін азаматтарымыз бар.
Аталған қызметкерлердің жұмысы баланы зорлағаны үшін сотталғандар жазасының өтеуі және еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіндегі өзгерістер жайлы ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібековпен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Теңізжан Нұрмаханұлы, сұхбатымыз жылдың аяқталуына тұспа-тұс келіп отыр екен. Оның үстіне Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бірінші орынбасары лауазымына келгеніңізге де жарты жылдан асыпты. Осындай маңызды әрі қиындығы басым мекемені басқару барысында орын алған жағымды жаңалықтар мен өзгерістер туралы айтып өтсеңіз.
- Рахмет, расымен де уақыттың жылдам өтіп жатқаны мен соңғы кезде атқарылып жатқан орасан зор ауқымды шаралардың белгісі болар, Комитетке қызметке келгеніме жарты жылдан асып кеткенін байқамай қалыппын. Соңғы бес жылда пенитенциарлық жүйеде айтарлықтай өзгерістер орын алып келеді. Оның барлығы осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекеттің құқықтық саясатының аясында түрмедегі адам санын азайту, қоғамға зор қауіп төндірмейтін теріс қылық жасағандардың жазасын жеңілдету, бостандыққа шыққан адамдарды қайта әлеуметтендіру, түзеу мекемелерін халықаралық стандарттарға жақындату, сондай-ақ сотталған азаматтардың құқықтарын сақтау мақсатында бірқатар заңнамалар қабылданып, кейбіріне өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру мақсатында азаматтық институттармен жұмыс жандандырылуда. Осы жылы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы Өңірлік өкілдігінің қолдауымен "Ашық диалог – пенитенциарлық жүйені реформалаудың құралы" атты үлкен форум өткіздік. Сонда қылмыстық-атқару жүйесі саласына қатысы бар барлық қоғамдық институттардың өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, нәтижесінде көптеген ұсыныстар түсіп, қазір олар құзырлы органдардың қаралымында.
- Қылмыстық-атқару жүйесін реформалаудан қандай нәтижелер күтілуде? Қазіргі таңда нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айта аласыз ба?
- Жаңа айтылып кеткен ұсыныстарды толық ашып айта алмаймын, себебі олар әлі толық қабылданған жоқ. Дегенмен, реформаланудан бөлек, "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы" бағдарламасының шеңберінде халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтары енгізіліп, бірқатар өңірлерде сотталғандар мен тергеу-қамауындағы азаматтардың қорғаушылары мен жақындарының өтініштерін қарауды оңтайландыру үшін фронт-кеңселер ашылды, туыстарымен және жақындарымен хабарласуы үшін бейнебайланыс жүйесі қарастырылды. Қаржылай мәселесі шешілген жағдайда, еліміздегі барлық ҚАЖ мекемелеріне орнату бойынша жұмыстар атқарылуда, сонымен қатар телефонмен және бейнебайланыспен сөйлесу уақыттары ұзартылды, сотталғандардың құқықтарын қорғау және ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің тарапынан орын алуы мүмкін заңбұзушылық фактілеріне жол бермеу мақсатында электронды өтініштер жолдау қызметін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, ол үшін колонияларда терминалдар орнатылатын болады. Ол алдымыздағы, яғни 2020 жылға жоспарланып жатыр. Бас бостандығынан айыру орындарында электронды дүкендер ашу да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау үшін жасалып отыр.
- Теңізжан Нұрмаханұлы, орын алып жатқан өзгерістерді түрме қызметкерлері қалай қабылдауда? Қалай дегенмен, сотталған азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын сол мамандар.
- Тұрақты ештеңе жоқ. Кез келген жүйе заман талабына сай өзгерісті талап етеді. Біздің қызметкерлер елдің қауіпсіздігі мен тыныштығына қызмет етіп жүргеннен кейін мемлекеттің әрбір саясатын қолдайды. Біз олармен үнемі тәрбиелік және кәсіптік-даярлық шараларын ұйымдастырып отырамыз, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қазір қылмыстық-атқару жүйесінің 50%-дан астамын 20 пен 35 жас аралығындағы азаматтар құрайды, яғни жастар. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді оқып, көріп жүр. Жаңа бағытта жұмыс істеуге дайын деп айта аламын.
- Азаптаулар туралы не айтасыз? Осы жылы қоғамды дүрліктірген Заречный кентіндегі түзеу мекемелерінің бірінде болған оқиғаға көз жүгіртсек...
- Пенитенциалық жүйеде жазасын өтеп жатқан азаматтарға азаптаулар қолдануға жол жоқ. Алматы облысы Зеречный кентінде орын алған оқыс оқиға Ішкі істер министрлігі, ҚАЖ комитеті басшылығы мен жеке құрамы үшін өкінішті жағдай болды. Кінәлі қызметкерлер тиісті жазасын алды. Қылмыстық-атқару жүйесіне кір келтіретін іс-әрекеттерге біз қатаң түрде тыйым саламыз және үзілді-кесілді қарсымыз. Мұндай бірен-саран фактілердің шығуы бас бостандығынан айыру орындарында жүйелі түрде болады дегенді білдірмейді. Білесіз бе, түрме қызметкерін азаптаушы ретінде қабылдау әлдеқашан ескірген стереотип, қазір бұл түсінік өзінің өзектілігін жоғалтқан. Бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық байқау комиссиясының өкілдері, сотталғандардың туыстары түзеу мекемелеріне кіріп, көріп жүр. Біз жабық мекемелерді басқарғанымызбен, қазіргі таңда ашық органдардың біріне айналдық. Бәріне белгілі, бүгінде қандай да бір фактіні жасырып қалу, көрсетпеу мүмкін емес. Интернетті, әлеуметтік желілерді пайдаланудың дамыған цифрландыру заманы. Сотталғандарға заңды өкілдері, туыстары тұрақты түрде келіп отырады, олар мекемеде болып жатқан барлық жағдайдан хабардар. Кез келген жағдайға біржақты қарау қате пікір. Жабық мекемелерде де ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдармен жұмыс істеу психологиялық тұрғыдан оңай соқпайды. Өзім еңбек жолымның алғашқы жылдарында пенитенциалық мекемелерде жұмыс істедім. Сондықтан қиын тұстарын да білемін. Ол жерде жазасын өтейтін адамдар да әртүрлі болып келеді. Кейбірі қызметкерлердің әдейі "аяғынан шалса", кейбірі өз-өзін жарақаттап, істеген әрекеті үшін сол жердің қызметкерін кінәлауы мүмкін. Әрине, бұл дегеніміз біздің мекемелерде жұмыс істейтін қызметкердің заңсыз іс-әрекетін қолдаймын дегенім емес, кез келген құқықбұзушылық фактілері жіті тексеріліп, кінәлі адамдар міндетті түрде жазасын алады.
- Иә, біз өткен жылы қыста Қарағанды облысында орналасқан түзеу мекемелерінде болып қайттық. Шынымды айтсам, менің түрме жайлы түсінігім өзгерді. Камералардың іші тап-таза. Ұқыпты әрі бірдей жиналған төсектер. Тіпті асханадағы тамақтардың түрлілігі кез келген адамды таңқалдырмай қоймайды. Бұл тәртіп барлық түрмеде солай ма, әлде біз баратын болған соң жасалған жағдай ма..? Жалпы елімізде қазір қанша ҚАЖ мекемесі бар, онда қанша адам жазасын өтеуде және осы тұста әрбір сотталған адамға жылына қанша қаражат бөлінетінін айта аласыз ба?
- Түрмедегі адам санын азайту және қылмыстық, қылмыстық-атқару заңнамаларын ізгілендіру аясында ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар 3 есеге дейін қысқарды. Қазір біздің жүйемізде 82 мекеме бар. Оның біреуі қауіпсіздігі толық мекеме, яғни Арқалықта орналасқан түрме, бір балалар колониясы бар, сонымен қатар еліміздің барлық аймағында 16 тергеу изоляторы, қалғаны ұстау режимі әртүрлі мекемелер. Онда қазір 29 мыңнан аса адам қамауда отыр. 2019 жылы 1 сотталған мен тергеу-қамауындағы адамға 1 жылға 1 млн 112 мың теңге бөлінді. Оған сотталған азаматтың тамақтануы, мезгілдік киімдері және дәрі-дәрмектерімен қоса, мекемедегі қызметкерлердің еңбекақысы, коммуналдық-тұрмыстық шығындары кіреді. Сотталғандарға көрсетілетін жағдай барлық мекемеде бірдей. Қазір тамақтану нормалары ұлғайған. Қателеспесем, ас мәзіріне ет, балық, айран-сүт тағамдары, сонымен қатар жеміс-жидектер кіреді. Одан бөлек, ауыратын адамдарға диеталық тағамдар қарастырылған.
- Жазасын өтеп жатқан адамдарды түзеудің бірден бір құралы – оларды жұмыспен қамту. Осы мәселені шешуде қандай да бір қиындықтар бар ма? Колонияларда қанша сотталған жұмыс істеуде?
- Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта сотталғандарды жұмыспен қамтуда бірқатар проблемалар бар екені рас. Ол түзеу мекемелерінің аумағындағы тозығы жеткен өндіріс құралдарының сапасы жоғары және бәсекеге қабілетті тауарды өндіре алмауы, колониялардың материалдық-техникалық базасын жандандыру үшін қаражатты талап етуі, мемлекеттік тапсырыстардың жоқтығы. Сондықтан әзірге колоняилардың аумағында сотталғандардың жалпы санының 45%-ы, яғни еңбекке қабілеттілерінің 78,8%-ы жұмыспен қамтылған. Қазір колониялардың аумағында кәсібін 230 шағын әрі орта бизнес субъектілері ұйымдастырып отыр.
- Соңғы сұрағым, 2018 жылғы 1 қаңтардан бері кәмелетке толмаған жас балаларды зорлаған қылмыскерлерге химиялық кастрация жасау шарасын қолдану заңнамасы күшіне енген болатын. Осы уақытқа дейін елімізде осы жазаны алған сотталған бар ма? Болса олардың саны қанша?
- Жазаның бұл түрі сотталғандарға сот-психиатриялық сараптама жүргізгеннен кейін соның нәтижесі бойынша қолданылады. Қазір соттың үкімімен келген 11 сотталғанның төртеуі химиялық кастрациялау түріндегі медициналық мәжбүрлеу арқылы жазаланды. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне келгеннен кейін азаматтық денсаулық сақтау ұйымының мамандары сотталғандарды дәрігерлік-консультативтік комиссиядан өткізеді. Жыныстық құмарлық деңгейін азайту мақсатында антиандрогендік препаратты қолдану арқылы жасалады. Жаза түрі тағайындалып, шара қолданылатын кезде денсаулық сақтау ұйымдарының дәрігерлері түзеу мекемесіне келіп, осы жаза түрін іске асырады.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
«Тентектің бірі болыппын». Колониядағы бір күн. Қарағанды облысының Долинка кентіндегі АК-159/7 мекемесі.