Теңіз кенішінде жұмыс істейтін алматылықтар үйлеріне оралады

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін "Теңізшевройл" ЖШС-да жұмыс істейтін Алматы облысының 64 тұрғыны Атыраудан әуе рейсімен Алматы әуежайына жеткізіледі. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі хабарлады.

Олар әуежайдан арнайы автобуспен Қапшағай қаласының маңына жеткізіліп, "Күншуақ" демалыс орнына орналастырылады.
Серіктіктік қызметкерлері соңғы айда Теңіз кенішінде вахталық ауысымда жұмыс істеген, олар COVID-19 инфекциясы анықталған Ватернас вахталық кентінде тұрмаған. Дегенмен, қауіпсіздік мақсатында әуе рейсіне коронавирус инфекциясына тексеру экспресс-тестінің нәтижесі теріс болғандар ғана отырғызылды, - делінген хабарламада. 

Олар Қапшағай қаласына жеткізілгеннен кейін екі күн карантинге алынады. Облыс басшылығының тапсырмасымен аталған демалыс орнында барлық санитарлық-дезинфекциялық шараларды сақтай отырып, карантин кезінде жолаушылардың өмір сүруіне қажетті барлық жағдайлар толық қарастырылған. Екі күннен кейін аталған жолаушылар тұрғылықты жерлеріне арнайы автобустармен жеткізілетін болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы