Тазы-төбеттің қазақы ит тұқымы екені әлемге дәлелденеді

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарының популяциясын жаңғырту туралы» тақырыбында өткен брифинг барысында Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бельгияның Тюэн қаласында Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали Халықаралық кинология федерациясы басшылық құрамының өкілі Ив Де Клеркпен кездесу өткізген еді. Кездесу барысында Қазақстан кинологтар одағының Халықаралық кинология федерациясына мүшелікке өту жөніндегі өтініші ресми түрде тапсырылды. Бұл мәселе алдағы тамыздың 21-22-де Женева қаласында өтетін федерацияның бас ассамблеясында шешіледі деп жоспарланған.

Тазы мен төбеттің қазақы ит тұқымдары екенін халықаралық қауымдастық алдында дәлелдеп, ресми бекіттіру үшін алдымен осы рәсімді орындау шарт. Биыл қайта жасақталған кинологтар одағы сан жыл бойы қордаланып қалған бұл проблеманы бірінші кезекте шешуге бел буып отыр, - деді Бауыржан Серікқали.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тазы-төбеттің қазақы ит тұқымына тиесілі екенін халықаралық деңгейде дәлелдеп, қорғауға алуды тиісті органдарға жүктеген болатын.

Өткен жылдан бері Президент Іс басқармасының ұйытқы болуымен біраз шаруа тындырылды. Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Арнайы заң қабылданды. Тазы-төбет мәселесімен айналысатын құзыретті орган ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі белгіленді.Бельгиядағы кездесу де осы іс-әрекеттің бір парасы, - деді Бауыржан Серікқали.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ОКҚ
Өзгелердің жаңалығы