Тәжікстанда 150-ден астам кен орны анықталған
Ел экономикасында минералдық-шикізат секторының үлесі артып келеді.
Тәжікстан Үкіметі жанындағы Геология бас басқармасының бастығы Оймухаммадзода Илхомджон Султон елдің минералдық-шикізат әлеуеті туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, табиғи ресурстарды тиімді игеру мен ұтымды пайдалану мәселесі бүгінде аса өзекті.
Экономикалық даму мен табиғи ресурстарды сақтау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі, – деді ол.
Спикер атап өткендей, минералдық-шикізат секторы Тәжікстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналады.
Соңғы жылдары бұл сала жалпы ішкі өнімнің елеулі бөлігін қалыптастырып, халықты жұмыспен қамтып, валюталық түсімдердің артуына ықпал етуде, – деді басқарма басшысы.
Оның мәліметінше, Тәжікстан жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай.
118 химиялық элементтің 70-тен астамы анықталған, оның ішінде 45-ке жуығы барланған, ал 30-ға жуығы өндірісте қолданылып жатыр, – деді ол.
Қазіргі уақытта елде 80-нен астам кен орны анықталып, оның 50-ден астамы өндірістік игеру кезеңіне өткен.
Сондай-ақ Тәжікстан аумағында 150-ден астам алтын кен орны бар. Ел Орталық Азияда түсті металдар қоры бойынша маңызды орынға ие.
Мыс қоры 100 млн тоннадан асады. Сонымен қатар, құрамында алтын мен күміс бар полиметалл кен орындары да жеткілікті, – деп атап өтті спикер.
Оның сөзінше, елде сирек және сирек жер металдарының да қоры мол. Бұл ресурстар қазіргі технологиялық өндіріс үшін аса маңызды.
Бұдан бөлек, темір рудасы кен орындарына да ерекше назар аударылып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, олардың қоры ондаған, тіпті жүздеген миллион тоннаға жетуі мүмкін.
Сонымен қатар, литий, тантал, ниобий секілді сирек металдар да анықталған.
Тәжікстанда асыл және сәндік тастардың да айтарлықтай қоры бар. Қазіргі таңда 600-ден астам осындай нысан анықталған.
Бұл зергерлік өнеркәсіпті дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Спикердің айтуынша, геология саласын дамыту мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалар геологиялық барлау, мониторинг, инфрақұрылымды дамыту және заманауи технологияларды енгізуді қамтиды.
Соңғы жылдары тау-кен өндірісі саласында өсім байқалып, пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеу көлемі артып келеді.
Минералдық ресурстарды тиімді пайдалану – елдің экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі, – деп айтты Оймухаммадзода Илхомджон Султон.
Оның айтуынша, мемлекеттік саясат саланы дамытуға, инвестиция тартуға және оның ұлттық экономикадағы рөлін күшейтуге бағытталған.
Айта кетейік, 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан аумағын геологиялық және геофизикалық зерттеу көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 2026 жылы геологиялық деректерді толық цифрландыру аяқталады.
Бұған дейін Қазақстанның жер қойнауының құпиялары – сирек минералдары туралы фоторепортаж жасап, назарларыңызға ұсындық.
Белгілі болғандай, Қазақстанда шамамен 4 мың геологиялық барлау лицензиясы берілді. Форум барысында айтылғандай, шетелдіктер Қазақстанның жер қойнауын барлауға 40 млрд теңге салмақ.